Спорт • 23 Сәуір, 2020

«Барселона» клубы стадионының аты сатуға қойылды

304 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әлемдегі ең ірі және жанкүйер сыйымдылығы жағынан алғашқы ондықтың қатарындағы «Камп Ноу» стадионының аты бір жылға сатылымға қойылды. Яғни 2020/21 жылғы маусымда стадионның аты демеуші компанияның атымен аталмақ. Сатылымнан түскен қаржы Испаниядағы және әлемдегі коронавируспен қарсы күреске жұмсалады. Бұл туралы клубтың ресми сайты мәлімдеді.

«Барселона» клубы стадионының аты сатуға қойылды

 

Жалпы Еуропада стадионың атын демеуші компанияға сату бүгінде жаңалық емес. Себебі, «Арсенал», «Манчестер Сити», «Бавария» секілді клубтардың стадионы демеуші ұйымның атына сатылған және қазір сол компанияның атымен аталады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Fly Emirates компаниясы Мадридтің «Реал» клубы стадионының атын сатып алу үшін 300 миллион еуро ұсынғаны есімізде. Бірақ Мадрид клубы бұл ұсыныстан бас тартып, команданың аңыз футболшысы Сантьяго Бернабеудің құрметіне берілген атты өзгертпейтінін мәлімдеген еді.

Десе де «Барселона» стадионның атын бір жылға сату арқылы шашамен 25-30 миллион еуро қаржы табуы мүмкін. Егер қайырымдылық қоры «Камп Ноу» атын сатып алу арқылы өз атын шығарғысы келсе, сома бұдан да жоғары болуы ғажап емес.

Айта кетейік, «Барселона» клубы тарихында стадион атауы ешқашан демеуші компанияның атына сатылмаған. Яғни стадион салынған 1957 жылдан бері «Камп Ноу» деп аталып келеді. Стадионға бір мезетте 99 354 жанкүйер сыяды.