Руханият • 23 Сәуір, 2020

Елордада алғашқы театр радиосы эфирге шықты

367 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Карантин тәртібінде бас қала тұрғындарының театрға бару тілегі үлкен арманға айналып отыр. Көрерменінен көз жазып қалған театр ұжымдары да дәл сондай сағыныш құшағында.

Елордада алғашқы театр радиосы эфирге шықты

Әртістер мен көрермен арасына көпір болуды көксеген М.Горький атындағы академиялық орыс драма театры ұжымы елордада тұңғыш рет  театр тақырыбынан хабар тарататын GORKY FM онлайн радио толқынын іске қосты. Жоба авторы және идеяны жүзеге асырушы – театр актері Сергей Маштаков.  

Радио хронометрі екі сағаттық тұшымды бағдарламасымен аптасына екі рет тікелей эфирде тыңдармандарын қуантатын болады. Соның арқасында театрсүйер қауым көкейінде жүрген сауалдарын сүйікті актерлеріне жолдап қана қоймай, өнер жайлы қызықты әңгіме өрбітуге де мол мүмкіндік алып отыр. Одан бөлек көрермен алдын ала көрсетілген кесте бойынша http://gotheatre.radio12345.com сілтемесіне өтіп, театр репертуарындағы үздік спектакльдермен қатар, архивте сақталған ескі қойылымдарды да онлайн тыңдай алады. Сахна майталмандарының карантин уақытындағы шығармашылық жаңалықтары да театр өнері жанкүйерлері назарынан тыс қалмайды. Қызықты сұхбаттар мен түрлі викториналар көрермен қауымның театрға деген сағынышын басуға септесетіндігін театр басшылары зор сеніммен атап өтті.