Аймақтар • 23 Сәуір, 2020

Түркістан: Тұрғындардың әлеуметтік көмектерге қатысты сұрағы көп

309 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тағайындалған 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны 430 мыңнан астам тұрғын алған. Бірқатары енді алмақ. Биылғы 1 тоқсанның қорытындысы бойынша 1-6 жас аралығындағы 25 125 балаға азық-түлік және гигиеналық топтамасы берілді. Жалпы облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 19,8 мың отбасы немесе 111,9 мың адамды құраған.

Түркістан: Тұрғындардың әлеуметтік көмектерге қатысты сұрағы көп

Ал Nur Otan партиясының «Біз біргеміз» акциясы бойынша 8236 отбасыға азық-түлік жеткізілген. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы Түркістан қаласының 4903 тұрғынына 50 мың теңгеден аударылған. 16 наурыз бен 20 сәуір аралығында партия филиалына 3 мыңға жуық өтініш келіп түсіпті. Оның 1772-сі оңтайлы шешілген. Алайда әлеуметтік көмектерге қатысты хабарласып, сұрақ қоюшылар қатары әлі де көп. Бұл жәйт Nur Otan партиясы облыстық филиалының өңір тұрғындарына арнап ұйымдастырған тікелей эфир кезінде мәлім болып отыр. Партия филиалының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жұртшылық мемлекет және облыс әкімдіктері тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер мен партияның «Біз біргеміз» акциясы туралы мағлұмат алып, өздерін мазалаған сұрақтарын қойды. Олардың сауалдарына партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мен Түркістан облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалы директорының міндетін атқарушы Дәурен Байырбеков жауап берді.

Тікелей эфир барысында 200-ден астам сұрақ қойылып, 70-тен астам желі қолданушысы өз парақшаларына бөліскен. Партия филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, эфирді 2 мыңға жуық адам тамашалап, мағлұмат алыпты. Сұрақтардың басым бөлігі мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектер, 42 500 теңге жәрдемақы, «Біз біргеміз» акциясы аясындағы азық-түлік және 50 мың теңгеге қатысты қойылған. Атаулы әлеуметтік көмек алу, жәрдемақыларға құжат тапсыру мәселелері бойынша шағымдар да болды. Спикерлер тұрғындардың сұрақтарына сол мезетте жауап берсе, бірқатары бойынша тиісті жұмыс жүргізілмек. Партия филиалы алдағы уақытта тұрғындар тарапынан сұрақ көп түсетін басқарма басшыларын қатыстырып, онлайн қоғамдық қабылдауды жалғастыруды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар