Аймақтар • 24 Сәуір, 2020

Жанашырлықтың шынайы көрінісі

126 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және өңір әкімдеріне карантин кезінде халықтың коммуналдық төлемдерін төмендету бойынша іс-шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Қазір Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің шешімімен төтенше жағдай кезеңінде коммуналдық қызметтердің шығындарын өтеудің қағидалары бекітілді.

Жанашырлықтың шынайы көрінісі

Бұл бағытта Алматы облысында да тиісті шара қолға алынған. Есеп бойынша, өңірдегі 248 395 тұрғын коммуналдық қызмет шығыны үшін өтемақы алушылардың санатына кірген. Яғни, тұтынушының атында коммуналдық қызмет түрін пайдаланатынын растайтын есепшот болған кезде барлық шығын өтеледі. Коммуналдық қызметтер бойынша қаражатты өтеу үшін тұтынушы жеке сәйкестендіру нөмі­рін, әлеуметтік мәртебесін және есеп­шотының деректерін көрсете отырып, ақпараттық жүйе арқылы, бол­маған жағдайда call-орталық ар­қылы өтінім береді. Өтінім алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей тұтынушының есепшотына қаражат аударылады. Ал Үкімет тарапынан белгіленген көмек алатын арнайы санаттағы жеке тұлғалар тиісті орынға өтініш жазуы керек. Бұл топқа жататын азаматтардың бір айлық коммуналдық шығындарын өтеу үшін 15 мың теңге көлемінде төлем мөлшері белгіленген.

Жалпы, алдағы екі айдағы ком­муналдық шығындарды өтеуді қар­жыландыру үшін республикалық бюджеттен 7,5 млрд теңге қаражат қарастырылған. Ал облыс аумағындағы тұрғындарға түрлі меншіктегі 138 мекеме коммуналдық қызмет көрсетеді. Осылайша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирус індетімен күресу және дағдарысқа қарсы қабылданған шараға орай берген тапсырмасы Алматы облысында нақты істе  көрініс тауып отыр.

Айтпақшы, облыс тұрғындарының 1 сәуір мен 30 маусым аралығында тұтынған коммуналдық қызметі үшін алынатын ақы төменгі тарифпен есептелетін болды. Мұндай шешімді Ұлттық экономика министрлігі Та­биғи монополияларды реттеу коми­тетінің Алматы облысы бойын­ша департаменті қабылдаған еді. Яғ­ни, Талдықорған қаласындағы «Же­тісу су құбыры» мекемесі таза судың 1 шаршы метрі үшін төленетін ақы­ны 8 пайызға төмендетсе, «Тал­дықор­ғанжылусервис» компаниясы 1 Гкал жылудың бағасын және ыстық су үшін алынатын ақыны да 10 пайызға арзандатты. Ал «Алматыгазсервис» холдингі облыстың Алматы қаласы маңындағы аудандарының тұрғындары тұтынатын газ бағасын 24,39 теңгеден 24,11 тең­геге дейін түсіреді. Сондай-ақ бар­лық аудандағы жылу, су, көгілдір отын және қуат көзін тарататын компания­лар аталған мерзім аралығындағы төлем тарифін 1 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетіп, тұрғындарға же­ңілдік жасауы тиіс. Және компаниялар төтенше жағдай кезеңіндегі берешек үшін тұрғын үй-коммуналдық қызметтерін тоқтатпайтын болды.

 

Алматы облысы