Ең қысқа әңгіме • 24 Сәуір, 2020

Курсанттардың батыл әрекеті

287 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төтенше жағдай режімін және карантиндік шараларды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындау кезінде әскери қызметшілер батылдық пен өжеттілік, тапқырлық пен қарапайым адамгершілік қажет болатын әртүрлі оқыс жағдайларға кездеседі.

Курсанттардың батыл әрекеті

Мұндай жағдайға жақында Алма­ты қаласында патрульдеуге қа­тысатын Радиоэлектроника және байланыс əскери-инже­нер­лік институтының курсанттары тап болды. Олар Төле би – Саин кө­ше­сінен  қолында гранатасы бар ер адамды ұстады.

Курсанттардың айтуынша, бір жігіт екі белгісіз ер адамды көр­сетіп, олардың қолында жа­рыл­ғыш қол гранатасы бар екенін айт­қан.

«Олардың бірінің қалтасында зат болды. Кенеттен ол əлгі затты алып, жерге лақтырды. Мен гра­на­таның корпусын байқадым», – дей­ді курсанттардың бірі Ерсұлтан Болат.

Оқиға орнында ұсталғандар полицияға тапсырылып, граната алынып, сараптамаға жіберілді. Кейін анықталғандай, олардың біреуі бұрын ұрлық және тонау əрекеттері үшін сотталған екен. Жарылғыш зат қайдан алынып, сондай-ақ пайдалануға не үшін жоспарланғанын құқық қорғау органдары анықтайтын болады.

Құрлық әскерлері əскери инс­титутының 4-курс курсанты Мейрамбек Найсекенов Алматы қала­сы мен облыс шекарасындағы кө­пірден өзенге секіріп, өзіне қол жұмсамақ болған қызды құтқарды. Қараңғыда көпірдің артында тұрған бойжеткеннің бейнесін көрген Мейрамбек оған көмекке жүгірген. Ол бірден қыз­дың  қолынан ұстап, көпірдің сүйе­ніші арқылы жоғары тартып алып, қауіпсіз жерге жеткізген.

Болған оқиға туралы әскери қызметші рация бойынша блок-бекет басшылығына баяндап, полиция келгенге дейін бойжеткенге психологиялық қолдау көр­­сетуге тырысқан. Белгілі бол­­ғандай, ол өзінің жігітімен араз­­дасуына байланысты осындай қадамға барған көрінеді. Құқық қорғау органдарының өкіл­дері курсанттың батыл әре­кет­терінің арқасында бойжеткен тірі қалғанын атап өтті. Мейрам­бек­ке осы əрекеті үшін алғыс ж­а­рия­­ланды.

Ақтөбеде Әуе қорғанысы күш­тері əскери институтының кур­санттары Роман Өтесейітов пен Диас Шаменов те өз ба­тыл­дық­та­рын көрсете білді. Әскери полиция жасағының әскери қызмет­шілерімен бірге патрульдеуге қатыса отырып, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған ер адамды ұстады. Аталмыш оқиға Бей­бітшілік даңғылында орын алды. Ұсталған азаматта суық қару болғандығы анықталды.

Әскери оқу орындарының жо­ғары курс курсанттары пат­рул­ь­деуге қатысады. Болашақ офи­церлер тәжірибелі әскери әріп­тестермен және құқық қорғау орган­дарының қызметкерлерімен бір­лесе қойылған міндеттерді орын­дайды және осындай қиын жағдайларда да азаматтықтарын танытады.