Аймақтар • 24 Сәуір, 2020

«BizBirgemiz»: Түркістандық кәсіпкерлер мұқтаж жандарға көмегін аямауда

269 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Төтенше жағдай кезінде тұрмысы төмен отбасыларға қайырымды жандар, депутаттар мен кәсіпкерлер тарапынан қолдау көрсету шаралары жалғасуда. Мысалы, Түркістан облысы Мақтаарал ауданында «Азала текстиль» фабрикасы мен «Мырзакент» мақта өңдеу зауытына иелік ететін «Мырзакент-Холдинг» ЖШС-ы директоры Бауыржан Жамалов 5 мың медициналық бетпердені тегін таратып, 14 отбасыға азық-түлік үлестірді.

«BizBirgemiz»: Түркістандық кәсіпкерлер мұқтаж жандарға көмегін аямауда

«Азала текстиль» фабрикасына шикізатты аудандағы «Мырзакент» мақта өңдеу зауыты жеткізеді. Яғни медициналық бетперделер Мақтааралдың мақтасынан тігілген. Қазіргі таңда ауданда 7 тігін шеберханасы күніне 4 мыңнан астам бетперде тігіп, 17 дәріханаға 70-80 теңгеден өткізеді екен. Өз кезегінде дәріханалар өнімнің бағасын 100-120 теңгеден асырмауы тиіс.

Ал Сайрам ауданында кәсіпкер Сихымбай Уалиханұлы «BizBirgemiz» акциясы аясында 2 млн теңге қаржы бөліп, қайырымдылық танытты.

Аудандық мәслихат депутаты жалғызілікті қарттар мен қамқорлықты қажет ететін азаматтарға тұрмысқа қажетті заттар және азық-түлік пен ет өнімдерін жеткізді. Осылайша бір күнде 70 отбасыға көмек берілді.

Келес ауданынан сайланған облыстық маслихат депутаты Жаңабай Ағабеков те ізгі істен шет қалмады. Коронавирус індетіне қарсы күреске қаржылай қолдау білдіріп, «BizBirgemiz» республикалық қорына 1 млн теңге аударған депутат бұл жолы өз қаржысына Келес ауданындағы 200 отбасыға 1,5 млн теңгелік азық-түлік жіберіп, қамқорлық көрсетті.

2