Аймақтар • 24 Сәуір, 2020

Қос дөңгелекті көк тұлпар...

194 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кезінде көп сатылмайтын, көк сырлы «Урал» велосипедіне қол жеткізіп, оны қысқа күнде қырық рет сүртіп, сылап-сипап жүретін ауыл балалары сол шақта өздерін ең бақытты жандарға балайтын еді. Ал егер оны ұрлатып алса... Бұл да бала үшін ең ауыр трагедия болатын.

Қос дөңгелекті көк тұлпар...

Қазір, құдайға шүкір, велосипедке қол жеткізу орындалмайтын арман емес, жақсы оқыған, тіл алатын баласына ақшасы болса әкесі оны кез келген уақытта оп-оңай сатып әпере алады. Бірақ оны ұрлатып алған баланың жүрегінде бәрібір қасірет қалары сөзсіз. 

         Биыл жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының полициясына 19 велосипедтің ұрланғаны туралы шағым түскен. Соның 13-ін полиция ашып, велосипедтің өзін немесе кейбір қосалқы бөлшектерін сатқаннан кейінгі қаңқасын иелеріне қайтарды.  Полицияның айтуына қарағанда оңай олжа іздеген қаскүнемдер, бір жұтым ащы суға арын сататын, адамдықтан азған маскүнемдер осындай жеңіл «ұрлықты» кәсіп қылады екен. Оңай қырқуға болатын жіңішке тростармен маталған немесе қарапайым құлыптар салынып, қараусыз тұрған велосипедтерді ондайлар оңай олжа қылатын көрінеді. «Велосипедті пәтерге немесе жертөлеге қойған дұрыс. Қажет болған жағдайда оны бейнебақылау камераларының көру аймағына қалдырып, қалың троспен матау қажет. Егер велосипедтің орындығы алынатын болса, ағытып алған жөн, бұл «оңай олжа» іздеген ұрылардың жоламауына бірден бір себеп болады», дейді криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Пётр Климов.

Ұрлықтың мысалы ретінде ол жуырда ғана 31 жасар петропавлдықтың бастан кешкен оқиғасын айтты. Интернационал көшесіндегі үйінің маңындағы  азық-түлік дүкеніне кірген ол «MSEP» маркалы қымбат велосипедін троспен ағашқа байлап қойған. Дүкенде 5-10 минут болып, сыртқа шыққанда тростың кесіліп, көлігінің қолды болғанын көреді. Келтірілген шығын 48 мың теңгені құраған. Екі апта өткеннен кейін «Ишим» көшесінің бойындағы жеке меншік үйдің сарайының құлпы бұзылып, сол модельдегі велосипед ұрланған.

Бұл жолы жедел-іздестіру іс-шарасы полицейлерге күдіктінің соңына ізін суытпай түсуге мүмкіндік берді. Ол бұрын мүліктік қылмыстар жасағаны үшін бірнеше рет сотталған 1981 жылы туған облыс орталығының тұрғыны болып шықты. Тергеу барысында ол бұрын жасаған ұрлығын да мойындаған. Қазір оның үстінен Қылмыстық кодекстің Сотқа дейінгі тергеп-тексерулері жүріп жатыр. Екі жағдайда да ұрланған велосипедтер алғаш кездескен адамдарға 10 және 11 мың теңгеге сатылып кеткен. Қазіргі уақытта ұрланған мүліктер табылды және қажетті тергеу процедуралары аяқталғаннан кейін иелеріне қайтарылады.

 

ПЕТРОПАВЛ