Қазір үй карантинінде жатқан ерлі-зайыптылардың бірі денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің өкілдерімен сөйлесті.
- Аня (есімі өзгертілді), үйдесіздер ме?
- Иә, үйге келдік. Дәрігерлерге Құдай қуат берсін.
- Қазір жағдайларыңыз қалай?
- Жағдайымыз тамаша! Ауырып жатқан кезде де көңіл-күйіміз жақсы
болды.
- Біраз уақыт үйде болмадыңыздар. Сағынып қалған боларсыздар? Қалай уақыт өткізіп жатырсыз
- Үйге жетісімен күйеуіме капучино мен бутерброд жасап бердім. Өзім қазірше көп ештеме жеген жоқпын. Бауырым сәл ауырыңқырайды. Вирустың немесе дәрінің салдары шығар.
- Үйде қанша уақыт болмадыңыздар?
- Үйде болмағанымызға бір жарым ай өтті ғой. Ауруханадан шыққан соң, үйге бір түрлі толқып, тосырқап кірдік. Өз үйің, өлең төсегіңе не жетсін! Соңғы бір жарым ай бізге еркіндік пен өмірді қалай бағалау керектігін үйретті. Бұл пафос емес. Көп нәрсені басымызға түскен соң ғана түсіндік.
- Барлық пәлекет осымен кетсін. Алдағы күндеріңіз шуақты болсын!
- Рахмет! Қазір үй карантиніндеміз. Осы мерзім біткен соң, бәрі жақсы болады. Шынымды айтсам, қазірдің өзінде де көңіл-күйіміз өте жақсы.
- Дәрігерлер індет жұқтырғаныңызды анықтаған күні қандай күйде болдыңыз? Бәлкім ренжіген де боларсыз. Бүгінге дейін не өзгерді?
- Айтпаңыз, не болғанын түсіне алмай, бірден есеңгіреп қалдық. Екіұдай сезім билеп алды – өзіміз сап-сау сияқтымыз, ал дәрігерлер аурусың дейді. Індет жеңіл түрде өткен соң, солай болған шығар. Вирусты дер кезінде анықтап, күн-түн демей бізді емдеп шығарған дәрігерлер мен медбикелердің кәсіби шеберлігіне тәнтіміз. Емдеу шараларын шұғыл бастап кекен ақ халатты абзал жандарға алғысымыз шексіз. Бәрі басқаша болуы да мүмкін еді ғой. Егер дәрігерлер сол сәтте ауруханаға жатқызып, бірден емдей бастамағанда,мүлдем басқаша болатын еді. Не болатынын ойласам, әлі күнге дейін тұла бойым түршігіп кетеді.
Біз басында басымыздан өтіп жатқан жағдайды дұрыс түсінбедік. Жұмсартып айтқанда, бәріне ренішті болдық. Өйткені келе салып оқшауландық, одан карантин басталды, артынша инфекциялық бөлімге түстік. Артынша ақылға келдік. Өз өміріміздің қауіпсіздігін ойлай бастадық. Әйтеуір дәрігерлердің барлық талаптарын бұлжытпай орындадық. Бұлай етпеген жағдайда біз қаншама адамның өмірін қауіпке тігер едік. Мұны қазір ойлағым да келмейді. Тезірек бәрі ұмытылса екен!
Қостанай облысы