Аймақтар • 24 Сәуір, 2020

Әулиеаталық ардагерлерге 1 миллион теңгеден беріледі

235 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл қазақ даласына Ұлы Жеңістің келгеніне 75 жыл. Ерлердің қаны мен жаны арқылы келген бейбітшілік – бүгінгі күннің басты байлығы. Ардагерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Әулиеаталық ардагерлерге 1 миллион теңгеден беріледі

Әулиеата өңірінде де Ұлы Жеңіс мерекесі өзіндік сән-салтанатымен аталып өтіледі. Жамбыл облыстық әкімдігінің мәліметінше, өңірде Ұлы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Барлық мерекелік іс-шаралар онлайн-форматта өтеді. Сонымен қатар, қыркүйек айында мектептерде патриоттық және ерлік сабақтарын өткізу жоспарлануда.

Бүгінгі таңда Жамбыл облысында Ұлы Отан соғысының 57 ардагері мен мүгедегі тұрады. Олардың әрқайсысына Ұлы Жеңіс күніне орай 1 миллион теңгеден әлеуметтік көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген 1989 адам 100 мың теңгеден алады. Тыл еңбеккерлері де назардан тыс қалмаған. Соғыс жылдарында тылда 6 айдан астам жұмыс істеген 4742 адамға 50 мың теңгеден беріледі. Ұлы Отан соғысына қатысушылардың 337 жесірі мен соғыс мүгедектерінің әйелдері де әлеуметтік көмекке ие болады. Ленинград қоршауының үш бұрынғы тұтқынына және концлагерьдің үш тұтқынына 60 мың теңгеден төленеді. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне Мемлекет басшысының атынан медальдар, алғыс хаттар мен азық-түлік себеттері беріледі. Ал, Жамбыл облысының аумағында 197 соғыс батырларына ескерткіш орнатылған. Оның ішінде 11-і мемориалдық тақта. Кеңес Одағының Батырлары мен «Даңқ» ордені иегерлерінің есімдері облыс бойынша бір елді мекенге, үш ауылдық округке, 41 нысанға, 575 көшеге берілген.

                                                                                                       

Жамбыл облысы