Қоғам • 24 Сәуір, 2020

«Болашақ» бағдарламасының түлектері елордалық дәрігерлерге қайырымдылық көмек көрсетті

141 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бөлінген қаражатқа 17 мыңнан астам медициналық маска мен 100 контейнер антисептик сатып алынып, Нұр-Сұлтан және Атырау қаласы дәрігерлеріне берілді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

«Болашақ» бағдарламасының түлектері елордалық дәрігерлерге қайырымдылық көмек көрсетті

20 наурызда Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев COVID-19 пандемиясына байланысты қазақстандықтарға үндеу тастап, кәсіпкерлерді күрделі кезеңде көмек көрсетуге шақырды.

«Бұл қиын кезеңде ел-жұртқа көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдардың қаражаты жинақталатын республикалық қор құруды ұсынамын. Осындай жағдайда бұрынғыша отандық ірі кәсіпорындар да қолдау көрсетеді деп сенемін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл үндеуге қазақстандықтардың көпшілігі, кәсіпкерлер мен компаниялар қолдау білдірді. Акцияға мұнай кәсібіне қызмет көрсететін ірі компания «CHI» де қосылды.

Компанияның негізін қалаушы, «Болашақ» Қауымдастығы кеңесінің құрметті мүшесі Алмас Құдайбергеннің бастамасымен індетпен күреске арнайы қаражат бөлінді. Осы қаражатқа 17 мыңнан астам медициналық маска мен 100 контейнер антисептик сатып алынды. Қажетті заттар Нұр-Сұлтан мен Атырау қалаларындағы дәрігерлерге берілді.

Сондай-ақ, компания қызметкерлері коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдейтін медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында онлайн флешмоб өткізді. Қатысушылар дәрігерлерге арнап екі тілде өлең оқып, ризашылық білдірді. Елорда әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкен көрсетілген көмек үшін Қауымдастық мүшелеріне алғыс айтты.

«Отандастарымызға көмектесуге мүмкіндігі бар қазақстандықтар Елбасы үндеуін назардан тыс қалдырмай, ортақ іске өз үлесін қосатынына сенімдіміз», – деп атап өтті ол.

Естеріңізге сала кетейік, CHI – қазақстандық мұнай-кен орындарына қызмет көрсететін ірі компания. Компания Теңіз кенішінде және басқа да кен орындарында жұмыс істеп, мыңнан астам Қазақстан азаматтарын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.