Кеше «Семей орманы» резерватының Бесқарағай ауданы аумағындағы Долон филиалына қарасты Байдәулет орманшылығында сағат 15:00 кезінде өрт шыққанын, шамамен 100 гектар аумақты қамтығанын жазғанбыз. Алайда күннің ысып әрі жел тұруына байланысты қарағайлы ормандағы өрт өршіп, бүгін түстен кейін әрең дегенде сөндірілді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет таңертең өзінің фейсбуктегі парақшасында қызыл жалын 2 мың гектар орманды шарпығанын, өртті сөндіруге 88 техника мен 293 адам жұмылдырылғанын, «ҚазАвиаОрманҚорғау» мекемесінің екі тікұшағына (МИ-2, МИ-8) қоса Көкшетаудан 30 әскери мінген әлемдегі ең үлкен тікұшақ Ми-26Т ұшып шыққанын хабарлаған-ды.
Иә, жәй тікұшақтар бір мезетте 2 жарым тоннаға дейін су төксе, бұл тікұшақ бір мезетте 10 тонна су шашады.
Жалпы, көп функциялы ресейлік тікұшақ өрт сөндірумен қатар 20 тоннаға дейінгі техникалар мен ірі габаритті жүктерді де тасымалдай алады екен. Мәселен, осы маркадағы тікұшақ 1999 жылы 20 мың жыл бұрын өлген мамонт пен мұздың 20 тонналық кесегін тасымалдау үшін қолданылған екен.
Шығыс Қазақстан облысы,
Бесқарағай ауданы