Қоғам • 25 Сәуір, 2020

Көктемгі дала жұмыстары кезінде фермерлерге онлайн кеңес қалай өтіп жатыр

247 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҰАҒБО Басқарма төрағасы Т.Рақымбеков көктемгі дала жұмыстары кезінде ғалымдардың фермерлерге арналған онлайн кеңестері қалай өтіп жатқандығы туралы айтып берді. Бұл туралы Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

Көктемгі дала жұмыстары кезінде фермерлерге онлайн кеңес қалай өтіп жатыр

Баспасөз іс-шарасына Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының Басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Бағлан Құлтаев, «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Қарауылов қатысты.

Биыл елімізде көктемгі дала жұмыстары басталғалы бері ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары Қазақстанның барлық аймақтарындағы фермерлер үшін онлайн кеңес ұйымдастыруда. 30 наурыз күні ҰАҒБО Басқарма Төрағасы Т.Рақымбеков Instagram және Facebook (@naseckz) парақшаларында тікелей эфирде өтетін кеңестердің алғашқысын өткізді. Жалпы, ҰАҒБО ғалымдары 2020 жылдың 15 сәуірі мен 15 маусымы аралығында ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді қызықтыратын тақырыптар бойынша шамамен 229 кеңес өткізуді жоспарлап отыр.

«ҰАҒБО-ның аграрлық ғалымдары қазіргі қиын уақытта да ел игілігі үшін еңбек етуді жалғастыруда. Біз аптасына үш рет Қазақстанның барлық аймақтарындағы фермерлер үшін онлайн кеңес өткіземіз. Фермерлерден көптеген сұрақтар түседі, ғалымдар оларға жауап беріп, сонымен қатар егіс науқанын дұрыс өткізу үшін ұсыныстарымен бөліседі. Ғалымдарымыз оқу семинарлары мен кеңестер өткізіп, онлайн режимінде жұмыс істеуді жалғастыруда. Қазір көктемгі дала жұмыстары қызу жүріп жатыр, өз кезегінде аграрлық ғалымдар фермерлер үшін 10 онлайн-кеңес өткізді. Бұл ақпараттық қолдау 47 184 адамды қамтып, кеңес бейнежазбаларын 6 740 оқырман тамашалаған», - деді Т.Рақымбеков.

Сонымен қатар, брифинг барысында көктемгі дала жұмыстарының уақытылы жүргізілуінің маңыздылығы атап өтілді. Т.Рақымбеков ҰАҒБО-ға еншілес ұйымдарының барлық бағыттардағы көктемгі дала жұмыстарына дайындығы 100% екендігін атап өтті.

 

 

Соңғы жаңалықтар