Аймақтар • 25 Сәуір, 2020

Жамбылда коронавирустың 103 дерегі тіркеліп, 42 адам сауығып шыққан

286 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында коронавирус инфекциясын жұқтырудың тағы жаңа 5 жағдайы тіркелді.

Жамбылда коронавирустың 103 дерегі тіркеліп, 42 адам сауығып шыққан

Алғаш анықталған 3 науқас – Тараз қаласының тұрғындары. Олар осы уақытқа дейін ауырған науқастармен байланыста болғандықтан, карантиндік стационарға оқшауланған. Науқастардың бірі 26 жастағы ер адам болса, екіншісі 44 жастағы әйел және үшіншісі 15 жастағы жасөспірім. Олардан алынған қан талдаулары оң нәтиже көрсеткеннен кейін науқастар инфекциялық стационарға жеткізілген.

Сонымен қатар, Тараз қаласының 1958 жылы туған тұрғынынан да коронавирус індетінің белгілері анықталған. Бір күн бұрын ол дене қызуының жоғарылауы, әлсіздік, тамақтың ауыруына байланысты медициналық мекемеге шағымдандған. ПТР-зерттеу нәтижелері бойынша оған COVID-2019 диагнозы қойылды. Онымен байланыста болған 8 тұлға анықталып, карантинге орналастырылған.

Сондай-ақ, Қордай ауданында да тағы инфекцияның жаңа жағдайы тіркелді. Науқас – 1985 жылы туған Шымкент қаласының тұрғыны. Жүргізуші болып жұмыс істейді. Алгоритмге сәйкес, «Қарасу» өткізу пункті арқылы мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде одан тексеру үшін қан талдауы алынып, коронавирусқа оң нәтиже көрсеткен. Эпидемиологиялық тексеру барысында науқас соңғы 14 күн ішінде Өзбекстан, Ресей және Қырғыз елдерінде болған. Қазіргі таңда бұл екі науқас та инфекциялық стационарға ауыстырылған. Ошақтарда эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілген.

Жалпы, 25 сәуір күнгі жағдай бойынша Жамбыл облысының аумағында коронавирустық инфекцияның 103 жағдайы тіркелген. Оның ішінде Тараз қаласында 49 жағдай, Байзақ ауданында 4, Жамбыл ауданында 4, Қордай ауданында 34, Меркі ауданында 2, Мойынқұм және Шу аудандарында  бір-біреуден анықталған. Барлық тіркелген жағдайлардың ішінен 42 адам сауығып, дәрігерлердің бақылауындағы үй карантиніне шығарылды.

 

Жамбыл облысы