Аймақтар • 25 Сәуір, 2020

Қарағанды облысы: Абзал Нүкенов 42 500 теңгені қайтарып бергендерге алғыс айтты

629 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Төтенше жағдай мен карантин қыспағының салдарынан нан тауып жеп отырған жұмысынан айырылып, салы суға кеткен азаматтарға мемлекет тарапынан көмек көрсету – басым бағыттағы міндеттердің бірі. Мысалы, 42 500 теңге әлеуметтік төлемнің өзі ақылмен ұқсата білсе, бір отбасын бір айдай уақыт азықтан тарықтырмауға әлі жететін ақша. Содан да болар, бүгінгі күнде аталған төлемнің айналасында өрбіген әртүрлі әңгіме әлеуметтік маңызға ие болып тұр.

Қарағанды облысы: Абзал Нүкенов 42 500 теңгені қайтарып бергендерге алғыс айтты

Кеше тікелей эфирде арнайы ұйымдастырылған брифинг барысында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов облыс тұрғындары үшін 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемнің төңірегіндегі кейбір түсініксіз жайттарға қатысты сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді.

– Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушыларына 42 500 теңге көлемінде төлемдер тағайындау бүгінгі күнде ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Көптеген сұрақтар алдымыздан шығып жатыр. Сәуірдің 24-не дейінгі мәліметтерге сай, Қарағанды облысы тұрғындарынан 475 587 өтініш келіп түскен. Бұл аз сан емес. Айта кететін жайт, өтініштердің ішінде 202 842 құжат түрлі себептерге байланысты қабылданбады. Ал 244 541 тұрғынға төлем тағайындалды, – деді Абзал Нүкенов.

Жалпы, әлеуметтік төлемдер алты санат бойынша тағайындалып жатыр. Бірақ, мемлекеттік қызметшілер бұл тізімге енбеген. Осы ретте облыс әкімінің орынбасары көмектің тек төтенше жағдай  режиміне байланысты жұмысынан айырылған және табысынан қағылған азаматтарға ғана көрсетілетінін атап өтті.

Брифингте Абзал Нүкенов өтініштері қабылданбағандарға, яғни армандаған 42 500 теңге төлемге қол жеткізе алмағандарға қарата мынадай мәлімдеме жасады.

– Кейбіреулер өзінің өтінімі негізсіз қабылданбады деп санайды. Біреулердің өтініші екі жерде жұмыс істегендіктеріне байланысты қабылданған жоқ. Барлық туындаған мәселелер бойынша талдау жүргізіп, зерттеп жатырмыз. Күн сайын Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен хабарласып, кеңесіп  отырмыз. Еліміздің вице-премьері Ералы Тоғжанов барлық қабылданбаған өтінімдер бойынша қайта тексеру жүргізу керектігін тапсырды. Яғни, негізсіз тағайындалмаған төлемдер бойынша тиісті шешім қабылданатын болады. Бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Әр адамды жекелей алып зерттейтін боламыз, – деп сендірді Абзал Нүкенов.

Брифингтің соңына таман облыс әкімінің орынбасары қателікпен тағайындалып кеткен әлеуметтік төлемді өз еріктерімен қайтарып берген саналы азаматтарға алғысын жеткізді.

– Бұл азаматтық жауапкершілік. Адамдардың осы қаражаттың басқа  біреулерге әлдеқайда қажет екенін түсінген азаматтықтарына дән риза боласың,  – деп атап өтті ол.

Әлеуметтік төлем мәселелері бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне телефон арқылы немесе электрондық пошта арқылы хабарласуды өтінген Абзал Нүкенов өзінің қабылдау бөлмесіндегі телефон номерін де көпшілікке ұсынды.

Сөзінің соңында облыс әкімінің орынбасары жұмыс берушілерге өз қызметкерлерін далаға тастамай, қолдан келгенше оларға демеу жасап отыруға  шақырды.

 

 

Қарағанды облысы