Аймақтар • 26 Сәуір, 2020

«Дала күні»: Алғашқы дән себілді

629 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сырдария ауданында ұйымдастырылған «Дала күні» шарасына қатысты. Онда аймақ басшысы алқапқа алғашқы дән сеуіп, жаппай күріш егу науқанын бастады.

«Дала күні»: Алғашқы дән себілді

«Дала күнін» өткізген диқандарға соғыс ардагері Яхия Тасыров бата берді. Жасы 100-ге таяған ақсақал егіннің бітік шығып, күзде қырманның астыққа толуын тіледі.

Биыл облыста 183,1 мың гектар алқапқа егін егіледі. Оның тең жартысы күріш. Ал басқа дәндi дақылдар 9,8 мың, майлы дақылдар 6 мың, мал азықтық дақылдар 61,6 мың, картоп, көкөнiс, бақша дақылдары 17,7 мың гектарға орналастырылады.

Көктемгі дала жұмыстарының уақытылы басталып, сапалы жүргізілуі үшін қажетті шаралар қабылданған. Облыс дикандары минералды тыңайтқыш және тұқыммен  қамтамасыз етілуде. 14 мың тонна арзандатылған дизель отыны жеткізілді. Бағасы - литріне 162 теңге.

Соңғы жылдары өңірге 26 млрд теңгенің 1070 ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Бұл - егіс алқабында жүрген әрбір төртінші комбайн, трактор немесе тұқым сепкіш. Қожалықтардың көлік паркінде «John Deere», «Claas», «Ростсельмаш» және өзге де танымал маркалы техника бар.