Өнер академиясы ұстаздарының дәрігерлерге виртуалды қолдау көрсетуіне 13 жастағы Раида есімді оқушының Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа жазған хаты себеп болыпты. Оқушы өзінің бірінші мүшел жасына толған туған күнінде жанында анасының болмағанына қынжылған еді. Өйткені, дәрігер болып жұмыс істейтін анасы коронавируспен ауырғандарды емдеуде.
–Оқушы қыз министрден адамдардың ауырмауы үшін, анасының тезірек үйіне оралуы үшін бар мүмкіндікті жасауды өтінді. Бұл бізге де ой салды. Академия қабырғасына медициналық бетперде мен қолғап киген дәрігердің суретін салдық. Осылайша, коронавирусқа өз өмірін тәуекелге тігіп, науқастарды күні-түні емдеп жатқан қазақстандық дәрігерлерді қолдағымыз келді. Біз олардың лайықты еңбегіне құрметімізді осылай білдірдік,- деді Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясы сурет пәнінің мұғалімі Мейірбек Бақтияр.