
Жуырда ғана Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аяқталды. Қазақстан-Қытай байланысы жылнамасындағы кезекті тарихи оқиға және татымды тармақ болып табылатын бұл сапар біздің елдеріміз басшылары арасындағы бұрыннан қалыптасқан жақсы өзара пікір алмасу дәстүрін жалғастырып, екіжақты қарым-қатынастың жаңа келешегі көкжиегін ашып берді. Маған ҚХР-дың Қазақстандағы елшісі ретінде осы сапардың барлық буынындағы өзімді керемет әсерге бөлеген кездесулерге қатысу бақыты бұйырды.

Жуырда ғана Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аяқталды. Қазақстан-Қытай байланысы жылнамасындағы кезекті тарихи оқиға және татымды тармақ болып табылатын бұл сапар біздің елдеріміз басшылары арасындағы бұрыннан қалыптасқан жақсы өзара пікір алмасу дәстүрін жалғастырып, екіжақты қарым-қатынастың жаңа келешегі көкжиегін ашып берді. Маған ҚХР-дың Қазақстандағы елшісі ретінде осы сапардың барлық буынындағы өзімді керемет әсерге бөлеген кездесулерге қатысу бақыты бұйырды.
Аталған сапар қауырт, жемісті және айрықша қалыпта өтуімен бірге, бұрын болып көрмеген бірқатар күтпеген қызықты да тағылымды оқиғаларымен ерекше есте қалды. Осылардың өзі кездесудің мазмұны мен мәнін асқақтата түсті. Үш күндік сапар барысында ресми реңктегі келіссөздер, кездесулер мен қабылдаулар да, ашық-жарқын және еркін галстуксыз ұшырасулар да болды. Екі елдің көшбасшылары Астананың кешкі көріністерін бірге тамашалап, бірге қыдырды. Олар ресми іс-шараларға қатар барып, бизнесмендермен және студенттермен бірге дидарласты. Сапар соңына қарай Си Цзиньпин мен Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласына да арнаулы ұшақпен бірге ұшып барды. Ал Қытай дипломатиясының тарихында екі мемлекет басшысының бір әуе кемесінің бортында бір жаққа бірге ұшып бару дерегі өте сирек кездесетін жағдай. Осының өзі біздің басшыларымыз арасындағы қысқа мерзім ішінде қалыптасып үлгерген жеке жоғары деңгейлі өзара сенім мен терең достықтың көрінісі болды.
Екі елдің басшылары осы үш күннің ішінде 14 сағаттан астам уақытты бірге өткізді. Осы сағаттарда олар екіжақты қарым-қатынас, мемлекетті басқару жайлары, сондай-ақ, күн тәртібіндегі екі жақтың да мүддесіне сай келетін аймақтық және халықаралық мәселелер жөнінде жан-жақты пікір алмасты. Бұл мәселелер бойынша өзара маңызды түсіністікке қол жеткізген мемлекет басшылары екіжақты қарым-қатынастың орта және ұзақ мерзімді кезеңдерінің стратегиялық жоспарын белгіледі. Тараптар «ҚХР мен ҚР арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытудың бірлескен декларациясы» мен инвестицияның жалпы көлемі 30 млрд. долларды құрайтын 20-дан астам саяси құжаттар мен келісімдерге қол қойды.
Толық табыспен аяқталған аталған сапар екіжақты байланыс пен көп қырлы әріптестікті жаңа деңгейге көтеріп, Қытай-Қазақстан жан-жақты стратегиялық әріптестігінің соны көкжиегін белгілеп берді. Сапар қорытындылары бойынша біздің елдеріміз қарым-қатынасы жаңа тарихи дәрежеге шығуымен бірге, онда үш негізгі ерекшеліктердің бой көрсете бастағанын да атап өтуіміз керек.
Бірінші ерекшелік – стратегиялық сипат
Екі елдің көшбасшылары сапар барысында бір-бірімен ұзақ және түбегейлі кеңесіп, аймақтық және халықаралық жағдайлар жөнінде еш бүкпесіз пікір алмасты. Олар шын мәнінде де бір-бірімен өте жақсы үйлесіп кетті. Мұның өзі қытай-қазақ қарым-қатынасының стратегиялық сипатына шүбәсіз әсер етіп, екіжақты байланыстың одан әрі салиқалы да тұрақты қалыпта дами түсуіне маңызды кепіл және тоқтаусыз қозғаушы күш болды.
Біздің көшбасшыларымыз екі ел даму стратегиясының көп жағдайда бір-бірімен сәйкес келетінін бірауыздан атап өтті. Төраға Си Цзиньпин бастамашысы болып отырған қытай ұлтын қайта жаңғырту жөніндегі қытай нәсілінің арманы Президент Нұрсұлтан Назарбаев алға тартқан «Қазақстан-2050» Стратегиясымен мазмұн жағынан да, оны жүзеге асыру мерзімі жағынан да үндесіп жатыр. Біз бұл мақсаттарымызға жету жолында бір-бірімізге толық қолдау көрсете аламыз. Осыған орай, бізге Қазақ елі көшбасшысының Қытай Төрағасына қарап айтқан: «Егер Қытайдың ж ағдайы барлық жағынан жақсы болып жатса, Қазақстандағы ахуал да жақсы болады», деген сөзінің мәні түсінікті бола түседі. Сондықтан біздің Төрағамыз бұл пікірге: «Қытай тарапы Қазақстанның өсіп-өркендеуін шын жүректен тілейді. Біз үшін тұрақты, қуатты және өркендеген Қазақстанды көру қуаныш», деп ағынан ақтарыла жауап қайтарды.
Екінші ерекшелік – іскерлік сипат
Соңғы жылдары Қытай мен Қазақстанның іскерлік ынтымақтастығы өте жылдам дамып келеді. Бұл орайда біздің қол жеткізген нәтижелеріміз керемет, оған теңдес табу қиын. Осы арқылы біз көп көрсеткіш бойынша Қазақстанда «бірінші» деген өлшемге ие болдық. Айталық, Қытай – Қазақстанның саудадағы бірінші әріптесі. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 25 млрд. доллар дерлік деңгейге жетіп, біздің дипломатиялық қарым-қатынасымыз басталған кезеңнен 70 есеге асып түсті. Қазақстан Қытай инвестициясын тарту жөнінен де бірінші орын алады. Біздің елдің мұндағы тікелей инвестициясы қазір 20 млрд. доллардың белесінен өтіп кетті. Сол сияқты, Қытай-Қазақстан мұнай және газ құбырлары тиісінше Қытайдағы бірінші орындағы трансшекаралық осындай жоба болып табылады. Ал екі ел шекарасындағы Қорғас халықаралық орталығы Қытайдың құрғақтағы бірінші осындай орталығы болып отыр. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бой көтерген бірінші Мойнақ су электр стансасын Қытай компаниясы салып шықты.
Мұндай белгілі нысандардың қатарында қазір салынып біткен және құрылыстары жүріп жатқан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автомагистралі, «Чунцинь-Сицзянь-Еуропа» халықаралық темір жолы, «Қорғас - Алтынкөл» темір жолы, Атыраудағы жұпар иісті көміртегі өндіру кешені, Павлодардағы алюминий (қалайы) зауыты, Ақтаудағы битум зауыты секілді көптеген бірлескен ірі жобалар бар. Қытайдың CNPC компаниясы мұнай қоры жағынан әлемдегі екінші, ал Қазақстанда бірінші болып отырған Қашаған кен орнындағы үлесін сатып алу үшін 5 млрд. доллар инвестиция құйды. Сол сияқты, Қазақстанның Қытайдағы Ляньюньган портынан жалға терминал алып, құрылысын салуы жайына келсек, бұл нысан қазақстандық тауарлар үшін нағыз стратегиялық дәліз болмақ. Бұл дәліз Қытай мен Еуропаның арасындағы қашықтықты 3,5 есеге дейін қысқартуға жол ашады.

Үшінші ерекшелік – халықтық сипат
Қытай-Қазақстан ынтымақтастығы екі елдің халықтарының түсіністігі мен қолдауынан еш уақытта бөлініп кеткен емес. Алдағы уақыттарда да солай болып қала береді. Біздердің қарым-қатынастарымыз халыққа қарап бағыт ұстап, халыққа сүйенуі және халыққа қызмет етуі керек. Бұл орайда қашанда мәселенің ұшар басына халықтың мүддесі шығарылып, шын мәнінде жұмыс халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында жасалуы тиіс. Төраға Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары барысында біздің екіжақты қарым-қатынастарымыздың халықтық сипаты айқын көрініс тапты. Ол Назарбаев Университетінде сөйлеген сөзінде жан тебірентерлік үш тарихи оқиғаны атап көрсетті. Бұлардың барлығы да екі ел халықтары арасындағы байланыстың нақты үлгісі болып табылады, олар және біздің арамыздағы шынайы сезім мен берік достықты барынша ашып көрсетеді. Бұл оқиға екі халықтың арасын бұрынғыдан бетер жақындастыра түсті. Бұл туралы кезінде бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде талай мәрте жазылды. Қазір сол мақалалардың кейіпкері, өзінің сирек кездесетін қанын берген Руслан Қытай мен Қазақстанға бірдей «жұлдыз-студент» атанып отыр.
Соңғы жылдары Қытай мен Қазақстанның визаларын тіркеу кезіндегі қиындықтар жұрттың назарын өзіне көп аударып жүр. Төраға Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары қарсаңында екі елдің Сыртқы істер министрліктері арнайы консультациялық кездесулер өткізіп, қорытындысында бұл үдерісті жеңілдетудің жолдарын жасайтын болып келісті. Екі ел арасындағы байланыстың халықтық сипатын танытатын бұдан да басқа деректер баршылық.
Лэ ЮЙЧЭН,
Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшісі.