Жер қойнауынан мұнайды қарпыта сапырып, іргедегі телегей теңіздің суын тонналап тұщытып, балықтарды үймелеп, теңкиген теңдерге тиелген жүнді вагондап жөнелтіп жататын өңір бүгінде экологиялық дертке душар болғаны шындық.
Экологиялық тұрғыда өңірдегі ең қауіпті орын ретінде алдымен ауызға «Қошқар ата» қалдықтар қоймасы ілінеді. Деректерде ел арасында «улы көл» атанған «Қошқар ата» қоймасына өңірдегі Каспий аймақтық тау-кен металлургия комбинатының үш зауытының 105 млн тоннадан астам қалдығы жиналған және қалдықтар арасында жиынтық белсенділігі 11,2 мың кюри 51,8 млн тонна әлсіз радиоактивті қалдық бар делінеді. Мамандардың айтуынша, оңтүстік-шығыс бөлігінде күкірт қышқылы зауытының өндірістік қалдықтары, оңтүстік бөлігінде химия-гидрометаллургиялық зауыттың радиоактивті қатты қалдықтары төгілген.
«Маңғыстау деген бұл аймақ,
Даласы шаң мен құм ойнақ» деп Қашаған ақын жырлағандай, желі аяқ астынан өрекпи жөнелетін өлкеде қалдық қоймасындағы радиациялық қалдықтардың аймаққа таралу қаупі басым екені тұрғындарды жылдар бойы қорқытып келеді. Тікенекті сымдармен қоршалып, айнала ор қазу «күнелтуге керек» деп темір-терсек жинаған келімді-кетімді мен өріс іздеп жайылып келген малға кедергі болуы мүмкін, алайда жолындағыны жұлқи тұрғызып, жұлмалай үйіріп әкететін жел мен шаңның жолына тосқауыл бола алмайтыны анық. Бірақ темір-терсек сатамын деп үсті-басын белгісіз жара қаптап, емші мен дәрігерден дауасы түспек түгілі, нақты қандай ауру екенін айыра алмай денесі, терісі іріген күйде о дүниеге аттанғандар жоқ емес. Бұл, сол «Қошқар атадағы» радиоактивті қалдықтың әсері екені бүгін белгілі. Аталған маңға жайылатын малдың еті мен сүтінің қауіпсіздігіне, төңіректі мекен еткен тұрғындардың денсаулығына еш әсері болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.
Бір қызығы, қаупі айқын әрі қорқынышты болса да улы көлді тұмшалау жұмысы баяу жүргізіліп, бірнеше жылдарға созылуда. Алдымен қалдық көмілген жердің үсті қалыңдығы 25 см темір бетонмен жабылып, оның үстіне бір метр қалыңдықта топырақ төселіп, 20 гектардан астам аумақ бетондалды. Жан-жағынан ор қазылып, ұшпайтын қиыршық тас аралас топырақ төгілді, ағаштар отырғызылып, бір кездері қалдық қоймасының шаңытуын бәсеңдету мақсатында жыл сайын Ақтаудың кәріздік тазарту қондырғысынан 8-8,5 млн текше метр су айдалып та жатты...
Деректерге көз жүгіртсек, қалдықтар қоймасының оңтүстік және оңтүстік-батыс бетінде 2015-2017 жылдары 8,2 гектар жасыл қорғаныш белдеуі өсірілсе, одан кейін 2017-2019 жылдары 30 гектар аумаққа, 2018-2020 жылдары 50 гектар аумаққа жасыл қорғаныш белдеуі құрыла бастады. Республикалық бюджеттен бөлінеді деген қаржыға қатысты мәлімет те осал емес – 2018 жылы – 2 млрд, 2019 жылы – 3 млрд, 2020 жылы 3 млрд теңге, жалпы төрт жылға улы көлді зарарсыздандыру үшін 17,5 млрд теңге бөлінеді делінген. Бұл 2017 жылғы дерек, ал қойманы зарарсыздандыру жұмысы одан арғы жылдары қолға алынды, демек бұл жылдарда қанша қаражат бөлінді деген сұрақ туындайды?
2019 жылы Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков Қошқар ата қалдықтар қоймасына қатысты 2017 жылы арнайы жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес республикалық бюджеттен 1 млрд 7 млн 518 мың 159 теңге бөлініп, 4 жылдың ішінде жұмыс толық аяқталуы керегін, алайда бұл жобаның тиімділігі мен қаржысы қайтадан сарапталып жатқанын айтқан еді.
– «Қошқар ата» қалдықтар қоймасын толық зарарсыздандыру өзекті мәселе екені рас. Осыған байланысты қарастырылған қаражат мәселесі былтыр шешілуі керек еді. Алайда жыл соңында Қаржы министрлігі бұл мәселеге тексеріс жүргізді. Тексеріс қорытындысы бойынша «Қошқар ата» қалдықтар қоймасын қалпына келтіру мақсатында жасалған жобалық-сметалық құжатты қайтадан жасақтау бойынша ұсыныс айтылды. Қазіргі заман талабына сай тиімді жолдарын да қарастыру керек екенін жеткізді. Алдағы уақытта басқа да технологиялар табылып қалуы мүмкін. Осыған орай жобалық-сметалық құжатты қайтадан жасау қолға алынды» деген болатын ол.
Республикадан ауқымды қаражат бөлінуінен «Қошқар ата» қалдықтар қоймасының зиян-зардабының қаншалықты қауіпті екенін және оны тұмшалау жұмыстарының да жеңіл емес екенін байқауға болады.
«Бір дамбалды алты күн тіктім, әлі ауы мен бауы бар» дегендей, қолға алынған жұмыстардың бірі тиімді болды, бірі тиімсіз болды, неге? Мемлекет назар аударып отырған ірі жобаның жылдардан жылдарға созылатындай салғырт жасалып, атүсті қаралуы нанымды ма? Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы былай тұрсын, жылына бірнеше «зауытты ашып, өндірісін өркендетіп» жатқан, небір байқауларды өткізіп, айшылық алыс жерлерден қыруар қонақты қалбалаңдай шақырып, құрақ ұша қарсы алып, мейманасы тасыған Маңғыстауда аса қауіпті орынды тұмшалауға не кедергі, әлде мұнайы мол мекеннің қалтасы жұқа ма? Жобалық құжаттармен жағаласып, жаңа технологияны күтіп жүру кейде сөзбұйдаға салу, уақыт созудың сылтауы сынды көрінеді. Ауқымды қаражат жұмсалса да аяқталмайтын, сағызша созылып, сіңірше сірескен бітпейтін қандай жұмыс? Әлде, қаражат Қошқар атаға жетпей қолды болды ма? Үсті-үстіне үймелей түсіп, «мені айт!» деп сұранып тұрған сұрақ көп. Ал бейқам басшылық пен мамандар тұрғындарға «түйеңді әрі жай!» деуді «Қошқар ата» қалдықтар қоймасының проблемасын шешудің төте жолы деп түсінетін сынды...
Маңғыстаулықтар арасында онкологиялық аурулар, өкпе және жүрек-қан тамырлары аурулары, йод тапшылығы сынды ауру түрлері мен суицид көп. Денсаулығы жарамсыз ана мен одан туатын дімкәс бала саны да аз емес. Нәтижесінде, бірін-бірі кінәлап, қырық пышақ болған дәрігерлер мен халық... Әрине, статистикаға жүгініп өзге өңірлермен салыстырғанда «медициналық жағдай ана ауруда аз, мына ауруда көбірек» деуге болар, алайда ең басты таразы – халық, басты дерек – күнделікті көзбен көріп жүрген ахуал.
Сонымен, Маңғыстаудың экологиялық ахуалы мәз емес. Өңірдегі ең өткір де өзекті мәселе – «Қошқар ата» улы көлін тұмшалап, зарарсыздандыруға асығу керек.
Маңғыстау облысы