Экология • 27 Сәуір, 2020

«Қошқар ата» – улы көл (Қалдықтар қоймасы халықты қажытып тұр)

3872 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеңестік кезеңде Маңғыстау түтіні будақтап, қазаны бұрқ-сарқ қайнаған өндірістік нысандардың мекені болды.

«Қошқар ата» – улы көл (Қалдықтар қоймасы халықты қажытып тұр)

Жер қойнауынан мұнайды қарпыта сапырып, іргедегі телегей теңіздің суын тонналап тұ­щы­тып, балықтарды үймелеп, тең­киген теңдерге тиелген жүнді вагондап жөнелтіп жататын өңір бү­гінде эко­логиялық дертке душар бол­ғаны шындық.

Экологиялық тұрғыда өңір­дегі ең қауіпті орын ретінде алды­мен ауызға «Қошқар ата» қалдық­тар қоймасы ілінеді. Дерек­терде ел арасында «улы көл» атан­ған «Қошқар ата» қойма­сына өңірдегі Каспий аймақ­тық тау-кен металлургия комби­на­тының үш зауы­тының 105 млн тоннадан астам қалдығы жи­налған және қалдықтар арасында жиынтық белсенділігі 11,2 мың кюри 51,8 млн тонна әлсіз ра­диоактивті қалдық бар делінеді. Ма­мандардың айтуынша, оңтүс­тік-шығыс бөлігінде күкірт қышқылы зауытының өндірістік қалдықтары, оңтүстік бөлігінде хи­мия-гидрометаллургиялық за­уыттың радиоактивті қатты қал­дықтары төгілген.

«Маңғыстау деген бұл аймақ,

Даласы шаң мен құм ой­нақ» деп Қашаған ақын жырла­ғандай, желі аяқ астынан өрекпи жөне­летін өлкеде қалдық қой­масындағы радиациялық қал­дықтардың ай­мақ­қа таралу қаупі басым еке­ні тұрғындарды жылдар бойы қорқытып келеді. Тікенекті сымдармен қоршалып, айнала ор қазу «күнелтуге керек» деп темір-терсек жинаған келімді-кетімді мен өріс іздеп жайылып келген малға кедергі болуы мүмкін, алайда жолындағыны жұлқи тұрғызып, жұлмалай үйіріп әкететін жел мен шаңның жолына тосқауыл бола алмайтыны анық. Бірақ темір-терсек сатамын деп үсті-басын белгісіз жара қаптап, емші мен дәрігерден дауасы түспек түгілі, нақты қандай ауру екенін айыра алмай денесі, терісі іріген күйде о дүниеге аттанғандар жоқ емес. Бұл, сол «Қошқар атадағы» радиоактивті қалдықтың әсері екені бүгін белгілі. Аталған маңға жайылатын малдың еті мен сүтінің қауіпсіздігіне, төңіректі мекен еткен тұрғындардың денсаулығына еш әсері болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.

Бір қызығы, қаупі айқын әрі қорқынышты болса да улы көлді тұмшалау жұмысы баяу жүргізіліп, бірнеше жылдарға созылуда. Алдымен қалдық көмілген жердің үсті қалыңдығы 25 см темір бетонмен жабылып, оның үстіне бір метр қалыңдықта топырақ төсе­ліп, 20 гектардан астам аумақ бетон­далды. Жан-жағынан ор қазылып, ұшпайтын қиыршық тас аралас топырақ төгілді, ағаштар отырғызылып, бір кездері қалдық қоймасының шаңытуын бәсеңдету мақсатында жыл сайын Ақтаудың кәріздік тазарту қондырғысынан 8-8,5 млн текше метр су айдалып та жатты...

Деректерге көз жүгіртсек, қал­дықтар қоймасының оңтүстік және оңтүстік-батыс бетінде 2015-2017 жылдары 8,2 гектар жасыл қорғаныш белдеуі өсіріл­се, одан кейін 2017-2019 жылдары 30 гектар аумаққа, 2018-2020 жыл­дары 50 гектар аумаққа жасыл қорғаныш белдеуі құрыла бастады. Республикалық бюджеттен бөлінеді деген қаржыға қатысты мәлімет те осал емес – 2018 жылы – 2 млрд, 2019 жылы – 3 млрд, 2020 жылы 3 млрд теңге, жалпы төрт жылға улы көлді зарарсыздандыру үшін 17,5 млрд теңге бөлінеді делінген. Бұл 2017 жылғы дерек, ал қойманы зарарсыздандыру жұмысы одан арғы жылдары қолға алынды, демек бұл жылдарда қанша қаражат бөлінді деген сұрақ туындайды?

2019 жылы Маңғыстау облы­сының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу бас­қар­масының басшысы Дүйсен Құсбеков Қошқар ата қалдықтар қоймасына қатысты 2017 жылы арнайы жобалық-сметалық құжат­тамаға сәйкес республикалық бюджеттен 1 млрд 7 млн 518 мың 159 теңге бөлініп, 4 жылдың ішінде жұмыс толық аяқталуы керегін, алайда бұл жобаның тиімділігі мен қаржысы қайтадан сарапталып жатқанын айтқан еді.

– «Қошқар ата» қалдықтар қоймасын толық зарарсыздандыру өзекті мәселе екені рас. Осыған байланысты қарастырылған қаражат мәселесі былтыр ше­шілуі керек еді. Алайда жыл со­ңында Қаржы министрлігі бұл мәселеге тексеріс жүргізді. Тексеріс қорытындысы бойынша «Қошқар ата» қалдықтар қоймасын қалпына келтіру мақ­сатында жасалған жобалық-сме­талық құжатты қайтадан жа­сақ­тау бойынша ұсыныс айтылды. Қазіргі заман талабына сай тиім­ді жолдарын да қарастыру керек екенін жеткізді. Алдағы уақытта басқа да технологиялар табылып қалуы мүм­кін. Осыған орай жобалық-сметалық құжатты қайтадан жасау қолға алынды» деген болатын ол.

Республикадан ауқымды қа­ра­жат бөлінуінен «Қошқар ата» қал­­дық­тар қоймасының зиян-зарда­бы­ның қаншалықты қауіпті екенін және оны тұмшалау жұмыс­тарының да же­ңіл емес екенін бай­қауға бола­ды.

«Бір дамбалды алты күн тік­тім, әлі ауы мен бауы бар» дегендей, қолға алынған жұмыс­тардың бірі тиімді болды, бірі тиімсіз болды, неге? Мемлекет назар аударып отырған ірі жобаның жылдардан жылдарға созылатындай салғырт жасалып, атүсті қаралуы нанымды ма? Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы былай тұрсын, жылына бірнеше «зауытты ашып, өндірісін өр­кендетіп» жатқан, небір бай­қауларды өткізіп, айшылық алыс жерлерден қыруар қонақты қал­балаңдай шақырып, құрақ ұша қарсы алып, мейманасы тасыған Маңғыстауда аса қауіпті орынды тұмшалауға не кедергі, әлде мұнайы мол мекеннің қалтасы жұқа ма? Жобалық құжаттармен жағаласып, жаңа технологияны күтіп жүру кейде сөзбұйдаға салу, уақыт созу­дың сылтауы­ сын­ды көрінеді. Ауқым­ды қа­ра­жат жұмсалса да аяқ­тал­май­тын, сағызша созылып, сіңір­ше сі­рескен бітпейтін қандай жұ­мыс? Әлде, қаражат Қошқар ата­ға жетпей қолды болды ма? Үс­ті-үстіне үймелей түсіп, «мені айт!» деп сұранып тұрған сұрақ көп. Ал бей­­қам басшылық пен ма­ман­­дар тұр­­ғындарға «түйеңді әрі жай!» деуді «Қошқар ата» қал­дық­­тар қоймасының проблемасын ше­шу­дің төте жолы деп түсінетін сынды...

Маңғыстаулықтар арасын­да онкологиялық аурулар, өк­пе және жүрек-қан тамырлары ауру­лары, йод тапшылығы сынды ауру түрлері мен суицид көп. Денсаулығы жарамсыз ана мен одан туатын дімкәс бала саны да аз емес. Нәти­жесінде, бі­рін-бірі кінәлап, қырық пышақ болған дәрігерлер мен халық... Әрине, статистикаға жүгініп өзге өңірлермен салыстырғанда «меди­циналық жағдай ана ауруда аз, мына ауруда көбірек» деуге болар, алайда ең басты таразы – халық, бас­ты дерек – күнделікті көзбен көріп жүрген ахуал.

Сонымен, Маңғыстаудың эко­логиялық ахуалы мәз емес. Өңір­дегі ең өткір де өзекті мә­се­ле – «Қошқар ата» улы көлін тұм­шалап, зарарсыздандыруға асы­ғу керек.

 

Маңғыстау облысы