17 Қыркүйек, 2013

Жаңашылдыққа апаратын жол

270 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ресми өкіл Алтай Әбибуллаев журналистер қауымына дәстүрлі брифинг өткізіп, апта ішінде болатын маңызды оқиғалар желісін баяндап берді.

Ресми өкіл 20 қыр­күйекте Ақордада Мем­лекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғы­лы­ми-сараптамалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтетінін жеткізді.

Кеше Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ресми өкіл Алтай Әбибуллаев журналистер қауымына дәстүрлі брифинг өткізіп, апта ішінде болатын маңызды оқиғалар желісін баяндап берді.

Ресми өкіл 20 қыр­күйекте Ақордада Мем­лекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғы­лы­ми-сараптамалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтетінін жеткізді. «Оның басты міндеті – Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясына сәйкес, ұлттық-мемлекеттік бірліктің, ҚХА-ның ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі міндеттерінің, тіл саясатының, еліміздің барлық өңірлеріндегі ғылыми-сараптамалық жұмыстардың негізі ретіндегі этносаясатты ғылыми талдаумен қамтамасыз етуді ұйымдастырудың, тарихи сана-сезімді қалыптастырудың маңызды аспектілеріне қозғау салу жоспарлануда.

Сонымен қатар, Үкімет бағыты бойынша да бірқатар маңызды іс-шаралар атқарылады. Естеріңізде болса, Үкімет Қазақстан елордасы – Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмені сапалы әрі жоғары деңгейде өткізуге барынша атсалысып келеді. Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы В. Лоссерталес тамыз айының басында елімізге жұмыс сапарымен келген болатын. Сол сапар барысында ол Үкімет басшысы Серік Ахметовті Парижге жұмыс сапарымен шақырған еді. Осы аптада, яғни 19-20 қыркүйекте Серік Ахметов Парижге жұмыс сапарымен баратын болады», деді ОКҚ ресми өкілі А.Әбибуллаев.

Бұдан кейінгі кезекте сөз тізгінін брифингке арнайы шақырылған Қазақстан Парламенті Сенаты баспасөз қызметінің жетекшісі Талғат Жұмағұлов алды. Ол Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің мерейтойы аясында елордада өтетін шаралар жайында айтып берді. «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің мерейтойы аясындағы негізгі шаралар 25 қыркүйекте Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтеді. Күннің бірінші жартысында Съезд Хатшылығының ХІІ отырысы болып, кейіннен «Өркениеттер үнқатысуындағы Астана дінаралық форумының рөлі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясымен жалғасады. Съездің жұмыс органы болып табылатын Хатшылықтың XII отырысы барысында қатысушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары IV съезінің қорытындылары бойынша пікір алмасады. Хатшылық мүшелері, сондай-ақ, 2015 жылға жоспарланып отырған V Съездің мазмұндық және ұйымдастыру мәселелері туралы пікір алмасатын болады. Отырысқа Хатшылық басшысы – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми төрағалық етеді», деді Т.Жұмағұлов. Сондай-ақ, Сенаттың баспасөз хатшысы 23 қыркүйек күні Бейбітшілік және келісім сарайында «Дінтұтқа» кітабының тұсаукесері болатынын, бұл кітапта 2003-2013 жылдары дінаралық үнқатысу мәселелеріне арналған мақалалар, талдау материалдары және сұхбаттар топтастырылғанын атап өтті.

Брифингке Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Әлихан Байменов те қатысып, мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңның орындалу барысына, қазақстандық мемлекеттік қызметтің жаңа моделі мен даму келешегіне тоқталып өтті. «2011 жылы шілдеде Елбасы бекіткен Тұжырымдамаға сәйкес, қазіргі уақытта қазақстандық мемлекеттік қызметтің жаңа моделі қалыптастырылды. Жаңа модель құру үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып жүзеге асырылды, бұл ретте ол шетелдік модельдердің көшірмесі болып табылмайды. Халықаралық сарапшылар Қазақстандағы жүргізілген мемлекеттік қызмет реформасын жоғары бағалады. «А» басқарушылық корпусын құру және саяси лауазымдар санын 8 есеге қысқартуды сарапшылар кәсібилендіру мен меритократияны күшейту бойынша маңызды қадам, сондай-ақ, табыстың басты факторы – Мемлекет басшысының саяси күш-жігері деп санайды», деді Ә.Байменов.

Осылай дей келе, Ә.Байменов мемлекеттік қызмет саласындағы негізгі жаңашылдыққа тоқталып өтті. «Алғаш рет заңнамамен мемлекеттік органдарда конкурстар жүргізу кезінде бақылаушылар институты енгізілді. Бақылаушылар конкурстық комиссияның жұмысымен танысады және оның жұмысы туралы өз пікірін айта алады. Екіншіден, тестілеу азаматтардың өтініші бойынша ме млекеттік органдардағы конкурстарға байланыссыз жүргізіледі. Тестілеуден оң нәтижемен өткен жағдайда, азаматтарға іріктеуге қатысу құқығын беретін сертификат беріледі. Мемлекеттік органдардың конкурстық рәсімдерді өткізу уақыты 3 есе қысқартылды», деді Ә.Байменов бұл орайда. Оның айтуынша, тестілеу рәсімдерін техникалық қорғау жүйесі күшейтіліп, тестілеу бағдарламалары күрделендірілген. Мәселен, 2013 жылдың екінші тоқсанында тестілеу бойынша бастапқы балл жинаған үміткерлер үлесі 2012 жылғы 66,0%-ға қарағанда 58%-ды құраған екен.

«Сонымен қатар, заңнамалық деңгейде мемлекеттік органның бірінші басшысы ауысқан кезде кадрлардың «командалық ауысуын» азайту үшін ауысу тәртібінде тағайындауға арналған мүмкіндіктер қысқартылды. Олар тек қана мемлекеттік органдар ішінде, сондай-ақ, Президент белгілеген жағдайларда ғана жүзеге асырылады. Қалған барлық тағайындау тек конкурстық негізде ғана жүзеге асырылады», деді өз сөзінде ол.

Ләйла ЕДЛІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар