17 Қыркүйек, 2013

Ауданымыз астанаға қарап бой түзейді

376 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Астана маңындағы ауылдардың бүгінгі ахуалы қандай? Елордаға іргелес орналасқан елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны қай деңгейде? Елбасының елорда маңындағы елді мекендерді дамыту жөніндегі тапсырмалары қалай жүзеге асуда? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздей отырып, біз Ақмола облысы Целиноград ауданының әкімі Бақберген МӘУЛЕНОВПЕН әңгімелескен едік.

­– Бақберген Бөлдешұлы, әңгімеміздің әлқиссасын ауданның бүгінгі ахуалынан бастасақ, жалпы, тыныс-тіршілігі қалай? Қысқаша сипаттап өтсеңіз...

– Бәріңізге белгілі, біздің аудан Астана маңындағы біраз ауылдарды қамтиды. Ал Астана айналасындағы ауылдардың дамуы Елбасының әрдайым бақылауында. Біз бүгінде Президенттің 2011-2014 жылдарға арналған Астанаға іргелес орналасқан ауылдарды дамыту жөніндегі кешенді жоспарын жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарып жатырмыз.

Астана маңындағы ауылдардың бүгінгі ахуалы қандай? Елордаға іргелес орналасқан елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны қай деңгейде? Елбасының елорда маңындағы елді мекендерді дамыту жөніндегі тапсырмалары қалай жүзеге асуда? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздей отырып, біз Ақмола облысы Целиноград ауданының әкімі Бақберген МӘУЛЕНОВПЕН әңгімелескен едік.

­– Бақберген Бөлдешұлы, әңгімеміздің әлқиссасын ауданның бүгінгі ахуалынан бастасақ, жалпы, тыныс-тіршілігі қалай? Қысқаша сипаттап өтсеңіз...

– Бәріңізге белгілі, біздің аудан Астана маңындағы біраз ауылдарды қамтиды. Ал Астана айналасындағы ауылдардың дамуы Елбасының әрдайым бақылауында. Біз бүгінде Президенттің 2011-2014 жылдарға арналған Астанаға іргелес орналасқан ауылдарды дамыту жөніндегі кешенді жоспарын жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарып жатырмыз.Бұл жоспарға біздің ауданнан 16 елді мекен кіреді. Бұған мемлекеттен 36,8 млрд. теңге ақша бөлінді. Бұл қаржының басым бөлігі бірінші кезекте стратегиялық маңызы зор нысандарға жұмсалады. Олар ­– мектептер, балабақшалар, жол құрылысы, су-жарық мәселесін шешу, тағы басқалар. Қаржы әр жылға кезең-кезеңімен бөлініп, соған сай тиісті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, 2011 жылы республикалық және облыстық бюджеттен 1,7 млрд. теңге бөлінсе, 2012 жылы 8 млрд. теңге, ал 2013 жылы 10,5 млрд. теңге бөлінді.

Биылғы жылы аудан бойынша 4 мектеп, 4 балабақша пайдалануға берілді. Мектептердің бірі – Қоянды ауылында, екіншісі – Талапкер, енді бірі – Қосшы ауылында, сондай-ақ, Қараөткел ауылында салынды. Біраз мектептерге күр­де­лі жөндеулер жүргізілді. Бұдан бөлек осы бағдарлама негізінде 2 млрд. 860 млн. тең­ге Қоянды ауылының, 1 млрд. 250 млн. тең­ге Талапкер ауылының, 503 млн. теңге 96-шы разъездің, 295 млн. Ақмол ауылының элек­тр-жарық жүйесін жабдықтауға бөлінген. Жол жөндеу жұмыстары да жүйелі жүзеге асып келеді. Қоянды ауылына ұзындығы 3,6 шақырым жол төсеу үшін 274 млн. теңге ақша бөлінді. Онда қазір жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша Талапкерге 22 млн. теңге, Қараөткелге ­– 37 млн., Қоян­дыға 41 млн. теңге бөлінді. Су мәселесі бойын­ша да қаржы бөлінген. Оразақ, Ақмол ауыл­дарында ауыз су мәселесі жуықта шешілгелі отыр. Бүгінде Қосшы ауылында әр көшеге су тартылуда. Бұл жұмыстардың барлығы осы жылдың соңына дейін жүзеге асады. Жалпы, кешенді жоспар бойынша жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатыр деп айта аламыз. Қаржылық жағынан ешқандай қиындықтар жоқ.

Аудан Астана маңында орналасу арқылы – азық-түлік белдеуінің негізгі бөлігін құ­ра­ғандықтан бізге үлкен жауапкершілік жүктелген. Осы жылдың алғашқы жарты­жыл­ды­ғында ауылшаруашылық өнімінің жалпы көлемі 2,5 млрд. теңгені құрады. Бұл кезеңде аудан­дағы жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5,8 пайызға ұл­ғайды. Нәтижесінде 106 жаңа жұмыс орны ашыл­ды. Айта берсек, атқарылған ауқымды шара­лар аз емес, әлі талайы атқарылады, атқа­рылып та жатыр. Басты мақсатымыз – Елба­сы­ның жүктеген тапсырмаларын, міндеттерін орындау, ел алдындағы биік мақсаттарға қол жеткізуге өзіндік үлесімізді қосу. Біз бүгінде осы жолда барынша аянбай жұмыс істеп жатырмыз.

– Әрине, атқарылған жұмыстар аз емес. Десек те, астана маңындағы ауылдардың проблемасы әлі де жетіп артылатын сыңайлы. Су, жол, жарық мәселелерін алға тартып, мәселе көтеріп жататындарды жиі көреміз. Бұған не айтасыз?

– Бүгінде 70 мыңға жуық тұрғыны бар ауданымыз Астана қаласына жақын орналасқаннан кейін және аудан елордамен бірге өсіп, қанат жайып, бұрынғыдай емес, дамудың басқадай бағытына бет бұрғандықтан мұнда проблемалық жағдайлар да бар, әрине. Кезінде астана енді көшіп келген жылдары тұрғындардың көпшілігі жеке меншікке өтіп кеткен сегменттік құжаты жоқ жерлерді сатып алған. Осыдан барып инфрақұрылым жоқ. Ешқандай инфрақұрылым қарастырылмаған жерлерде үй салып, кейін жарық, суды талап ететіндер де бар. Көктемде оларды су басып, қыста қар астында қалғанда жиі теледидарға ілігуіміздің де бір себебі осында. Жақындағының «жаңалығы» тез жетеді деген де бұл жерде жығылғанға жұдырық болып отыр. Себебі, іргеде отырған ауылға Астанадағы республикалық телеарналар да лезде жетіп келе қояды.

– Жер демекші, шынымен осы жер алу, жер сату мәселесі Астанаға іргелес ауылдарда өте маңызды. Тұрғындардың бәрі басты кезекте – Астана маңынан жер алғысы келеді. Бірақ қазір жер бөлуге қатысты Мемлекет басшысы мораторий жариялағаннан бері жер беру уақытша тоқтап тұрғаны белгілі. Жалпы, жерге кезекте тұрғандар көп шығар?

– Ауданда қазір 54 мың адам жерге кезекте тұр. Иә, өткен жылдың желтоқсанынан бері жер бөлуге уақытша тыйым салынды. Содан бері біздің ауданда кезекте тұрғандарға жер беріліп жатқан жоқ. Бірақ алдағы жылдарда қазіргі салынып жатқан үйлерге инфрақұрылымдар ретке келтірілген соң, бұл мәселе де өз ретімен шешіледі деген ойдамын.

– Ал сол кезектегі тұрғындарға ауданнан үй салу, үй беру деген сияқты жолдармен мәселені шешудің баламалы көздері жоқ па?

– Бұл ретте қазіргі таңда Қосшы ауылында шағын аудан салынып жатыр. Сол жерден үй алулары мүмкін. Бірақ Қосшыда қазірдің өзінде 20 мың адам кезекте тұр.

– Күз айындағы ауылдарда басты шаруа – егін жинау науқаны ғой. Сіздерде егін жайы қалай болып жатыр? Биыл қанша астық аламыз деп болжап отырсыздар?

– Ауданымызда биыл 230 мың гектар жерге егін себілген болатын. Бүгінгі таңда 36 мың гектар егін орылды. Жұмыс жүріп жатыр. Ауданымызда 4 элеватор бар. Олардың жұмысқа дайындығы жақсы. 530 техника жұмыс үстінде жүр. Бұйырса, биыл әр гектардан 12,3 центнерден астық аламыз деп болжап отырмыз. Шамамен 350-400 мың тоннадай астық жинайтын шығармыз.

– Жалпы, ауданда күрмеуі қиын болып жатқан қандай мәселелерді атар едіңіз? Қай салада проблемалар бар?

– Мәселе жоқ деп айта алмаймыз. Қай жұ­мыс­тың да өз қиындығы болады. Бірақ жұмы­ла жүріп жасалған жемісті жұмыстардың арқа­сында барлық кедергіні жеңуге болады. Қазір бізде аздап қиындық тудырып жат­қан, жоғарыда айтып өткен бей-берекет салын­ған үйлердің инфрақұрылымын ретке кел­тіру мәселесі дер едім. Бұл – су, жол, жа­рық жағдайлары. Еш нәрсе бірден бола қой­масы анық, шаруалардың бәрі ақырын өз шешімін тауып келе жатыр. Тағы бір қиын­дық тудырғаны кадр мәселесі болып отыр. Өзіңізге белгілі, бізде Астанамен са­лыс­тырғанда жалақы аз. Ал іргеде Астана тиіп тұрған соң ауданда жақсы мамандар тұрақ­та­майды. Ал біздің жалақыны Астанамен сәйкестендіріп қоя алмайтынымыз да рас. Осы ретте жақсы мамандарды ұстап қалуға, жұмысқа алуға барынша күш салып жатырмыз. Мүмкіндігімізше үй беріп, жалақысын көтеруге тырысудамыз.

– Биыл Целиноград ауданына – 85 жыл. Осынша терең тарихы бар ауданның көпшілік елді мекендерінің атаулары әлі күнге бұрынғы кеңестік кезеңдегі атаулармен қалған екен. Осы мерейтойды алға тарта отырып, бұл орысша атауларды өзгертуге болмады ма? Жалпы, ономастика жағдайы қалай болып жатыр?

– Біздің ауданда 53 елді мекен болса, соның 17-сінің, сондай-ақ, 760 көшенің 160-ының атауы сол бұрынғыдай ескі. Осы мәселені мен әкім болып тағайындалған кезде-ақ көтергенмін. Бұл мәселе қаралды. Бірақ біздің мемлекетте жер-су аттарын өзгертуге қатысты қазір мораторий тұр. Сол себепті де әзірше ауыстыру мүмкін емес. Бірақ мұның бәрі болашақта шешімін табатын мәселе. Ауданымыз 85 жылдық тойына барынша дайындық үстінде. Бірқатар маңызды шаралар өтіп те жатыр. Жалпы, аудан тарихы жайында энциклопедиялық кітап шығарайық деп жатырмыз. Әлеуметтік-экономикалық жағымен қатар, ауданның рухани-мәдени өмірінде де бүгінде зор ілгерілеушілік бар.

Әңгімелескен Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».

Ақмола облысы,

Целиноград ауданы.

Соңғы жаңалықтар