Руханият • 27 Сәуір, 2020

«Большая опера» жобасының жеңімпазы Салтанат Ахметова жеке концертін береді

199 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Опера жанкүйерлері оның өнер көрсетуін әрдайым тағатсыздана күтеді, ал әншінің қатысуымен өтетін спектакльдердің билеттері санаулы күндердің ішінде сатылып кетеді. «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова бүгін «Карантиндегі жұлдыз» жобасы аясында онлайн концерт береді.

«Большая опера» жобасының жеңімпазы Салтанат Ахметова жеке концертін береді

Ауқымды бағдарламаға жиырмадан астам туынды енген, әншінің сөзінше, олардың барлығы жанға жақын әрі сүйікті әндер. Салтанат Ахметова жеке концертінің дайындығына екі аптадай уақыт кеткендігін айтты.

Кеш шымылдығын қазақтың халық әндері «Ақбаян», «Дударай», «Дедім ай ау» ашса, романс сүйер қауым үшін Н.Зубовтың «Не уходи, побудь со мною», «Жестокий романс» кинофильмінен А.Петровтың «А напоследок я скажу», «Любовь прекрасная страна», Б.Фоминнің «Только раз» және т.б. баршаның сүйікті әндері шырқалады. Шетелдік композиторлардың шығармашылығы O.Farres-тің «Quizas, Quizas, Quizas», T.Ferro-ның «Mi sono innamorato di te», A.C.Jobim-нің «The girl from Ipanema» және т.б. керемет композициялармен ұсынылған.

Атақты вокалиске ҚР Мемлекеттік Күзет Қызметі президенттік оркестрінің солистері, аспапшы-достары – республикалық байқаулардың лауреаты Жәнібек Сапаров (гитара) пен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры Сыйлығының лауреаты, өнер магистрі, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Жібек Сапарғалиева (флейта) қолдау көрсетпек. Олардың орындауында қазақтың халық әндері «Бір бала», «Япурай», сонымен қатар М.Петренконың «Вальс», «Берегись автомобиля» кинофильмінен А.Петровтың әуені, А.Пьяццолланың «Либертанго» шығармалары және т.б. шырқалмақ. 

– Карантин біздің қалыпты өмір салтымызға өзгерістер енгізді. Алдын ала құрған жоспарларымызды қайта қарастыруға мәжбүр етті.  Әрине, басқа әртістер сияқты мен де сахнаны қатты сағындым. Алайда қазіргі уақытта да шығармашылықпен айналысудан қол үзген жоқпыз. Салтанатпен, Жәнібекпен бірге жаңа жоба әзірледік. Тыңдарман қауымның қызығушылығын тудырып, карантиндегі дағдылы кештеріне аз да болса өң береді деп үміттенемін, - деді Жібек Сапарғалиева.

Салтанат Ахметованың Италиядағы Вокалдық өнер академиясында (Accademia d’Arte Lirica, Озимо қ., 2009) машықтанудан өткенін атап өткен жөн. Әнші Винченцо Де Виво, Серджио Сегалини, Альберто Дзедда, Джанни Тангуччи, Кристина Мути, Райна Кабайванска, Лелла Куберли, Уильям Маттеуци, Сильвия Саш, Антонио Юварра, Стефано Демикели, Харриэт Лоусон, Карло Морганти сынды атақты маэстролардың шеберлік сабақтарынан тәлім алған.

Оның марапаттар қоржынында көптеген республикалық және халықаралық байқаулардағы жеңістері бар. Салтанат Ахметова – «Villa in canto» халықаралық байқауының жеңімпазы (Италия, 2011); Neue Stimmen халықаралық байқауының финалына қатысушы, Klassik-Herbst Forderpreis арнайы жүлдесінің иегері (Германия, 2013). «Большая опера» телевизиялық жобасының (Ресей, 2014) және т.б. жеңімпазы.

Еске салар болсақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, Live форматында «Карантиндегі жұлдыз» жобасын сәтті жүзеге асыруда. Көрермендер әртістермен пікір жазу арқылы сұхбаттасады. Концерттер ашық әрі баршаға қолжетімді түрде тегін өткізіледі.