Сағадан сап етіп жағадан алғанша қасам ішіп, қару ұмсынбас. Ол – қаһарман елдің қағидасы. Ал өмілдірігін үзердей алқынған аттар мен үзеңгісіне шірене отырып қиқуға қиқу қосқан қазақ азаматтарының бұл шабысы бөлек. Бұл – неше мыңжылдықтан бері жалғасқан ұлттық ойын - көкпарды білекті де жүректі жігіттердің тартқан сәтінің көрінісі.
Ұлы даланың төсіндегі будақ-будақ шаң, қиқулаған сайын құстай ұшқан тұлпар, адыр-бұдыр жерде омақасамын деген ойдан ада азаматтар... Алыстан барлаған адам жалпы көкпарға жарақтанған жігіттердің жанталасын, тебісінен теңселе жаздап топқа кірген қазан аттың қарқынын көргенде, құдды жер үшін айқасып жатқан сарбаздар екен дер. Осындай рух пен күшті қажет ететін ат спортын бабалардың қалай ойлап тапқанына таңданасың. Әлем халықтары киіз үйді көріп, жасалуы мен құрылуын зерттей келе қазақтың кемеңгерлігін еріксіз бағалаған еді. Ал көкпар ойыны әлемге таныла бастағанда, жағасын ұстап үріккендер мен таңданысын жеткізгендер де табылып жатты. Бұл батыр бабалардың бүгінгі ұрпағы үшін зор мақтаныш. Шындығында қазақ халқы көкпар ойынын қалай ойлап тапты деген заңды сұрақ туындайды. Тіпті, сол додаға шыдас беретін тек серке екенін дөп тапқандары бүгінгілер үшін тынып жатқан тылсым дүние.
Алайда әлімсақтан бүгінге жалғасқан дәстүрлі мерекеміздің көрігін қыздырар «көкпардың шығу тарихы әлі дүдәмалдау. Салт-санамызды сапырып, қалам ұшында ой тербеген ғалымдар «көк-бөрте» сөзінен, яғни терісі жыртылмайтын серке болғандықтан соған сай «көкпар» атауы берілген деп түсіндіруде. Көкпардың шығу тарихына дендеу үшін «Жазылмаған тарихымның жолдарын, Ауызекі аңызыңнан іздедім» – деп толғанған Мұқағалиша біз де аңызға бойлап көрелік. Мал баққан елдің тұрағы қыста қыстау, жазда жайлау болғаны белгілі. Сол қыстаудағы шопан тірлігінің түлені – қызыл көз, қанды азулы қасқыр. Ай қораланған күні қорасындағы тамақталған қойын көрген шопандар ширығып, талағы тарс айырылған деседі. Барлық қойшының басындағы нәубет болған соң, іргелес отыруға бекініп, түз тағысына не істеу керек деген сауал тастайды. Сөйтіп, тұрақтарын бір жерден сайлаған шопандар, қораға түскен қасқырды атпен омыраулата қуып, сілесі қатқанда тақымдап тартып, қолын қол, бұтын бұт етуге дағдыланады. Қайсар қазақтың арғы бабалары қасқырдан қасқыр қоймай тақымдап, қинап өлтіріп, бертін келе көксеркеге ауысқан деген деректер кездеседі. Осы айтылған аңыздың жаны бар іспетті. Мал баққан елдің жауының бірі қасқыр екені рас. Ал мылтықсыз заманда қазақ қойын қасқырға талатып қарап отырмағаны белгілі. Сондықтан да, көкпардың шығу тарихы осы аңызға саяды.
Көкпар – қазақтың жаны. Үй іргесінен дүбірлетіп аттар өтсе қаны тулап, кермедегі тұлпарына тұрман салатын жұртпыз. Бұл ұлттық ат спортына жатқанымен, ойынның астары тереңде жатыр. Жаугершілік заманда батырлық пен ептілікке бейімдеу, сарбаз жолдасы ысқырып жеткен оқтан опат болған жағдайда, ат үстінен өңгеріп алып, жат жерге, жау табанында қалдырмауға машықтанудың ең ыңғайлы әдісі десек те болады. Өйткені шайқаста шейіт кеткен ақсүйек немесе қолбасының сүйегін жау қолына беру, жалауының жығылғанымен тең. Сондықтан да көкпар тартып, майдан даласында орын алған тосын оқиғада тосылып қалмау үшін машықтанған секілді. Бұл біз білетін бір ғана сипаты мен сыры.
Бүгінгі таңда көкпар ойыны қазақ сахарасында ғана емес, көршілес қырғыз, моңғол, өзбек сынды елдерде де ойналады. Баһадүр бабалардан қалған ғажайып ойынымыз «дода көкпар», «сайыс көкпар» және «жалпы көкпар» болып үшке бөлінетіні атқа мініп, қазақы қанын тулатып жүрген жандарға белгілі. Ал аймақтықтан бастап халықаралық жарыстарға дейін өтілетін түрі «сайыс көкпар». Бұл әлемдік аренаға сұранып тұрған спорт түрі десек те болады. Алайда, ат үстінде қазақтай қасқайып отыратын халық жоқ болғандықтан: «Бұл ойын емес, жабайылықтың асқан шегі», – деген сараң пікірге салынып жүрген елдер де бар. Ер қанаты ат деп білген қазақтың алты жасар баласы ат құлағында ойнап, додаға сексеннің сеңгіріне шыққан қарияның өзі тіксінбей тура кіреді.
Алайда көкпарды қырғыз ағайындар бізден шыққан ойын деп байбалам салуда. Олар да атқа мініп, жамбы атқан жұрт болғандықтан таласқа түскісі келеді. Дегенмен, Сүйінбайдан жеңілген Қатағанды өмірде болмаған, бізде ондай ақын жоқ деп өткенін өшіргісі келетін қырғыздардың көкпарды табиғи қылып алғысы келгендігі де жалған. «Өркениет жоқ кезде өзгелерде, біздерде алтын, күміс, мыс та болған, темірін балқытып тұлпарына, үзеңгі соққан алғаш ұста қолдан», – деп айыскер Рүстем Қайыртайұлы айтқандай, әлемге шалбар кигізуді үйреткен қазақ еліне тән ойын екені даусыз. Сол себепті дәстүрін дәріптеп жүрген азаматтарымыз көкпарды насихаттау мақсатында үлкен-үлкен жарыстар ұйымдастырып, жүйелі түрде жұмыс атқаруда. Мұның өзі егемен елдің ертеңі мен бабалар аманаты жолында істелініп жатқан ғибратты іс.
Негізінде, сайыс көкпарға 25-30 кг. серке тартылады. Бұл жарыстың есебі ашылу немесе қос команданың біреуі айқын басымдылықпен жеңіске жету үшін. Ал дода көкпарда 80 кг-ға дейінгі серке салынады. Бұл ат үстінде екі аяқпен жүргендей сезінетін қазақ елінің ұландары үшін ауырлық етпейді. Сайыс көкпардың жүлде қоры бүгінгі қомақты ақша болса, бұрындары дода көкпардың өтуі тіптен ерек болған деседі. Қос төбеде тұрған шенді-шекпенді бай манаптар, жалпылай сынға түскен азаматтарға 1 түйе немесе басқа көлемдегі мал атап, серкені маған алып кел деп дауыстайтын көрінеді. Тойға жиылған небір сайыпқырандар топтасып емес, жалғыз тақымдап бай тұрған жерге лақты алып бару керек-ті. Жүз немесе мыңдаған тақымшының арасынан суырылып шығып, өзінің ептілігін көрсеткен жан бай атаған малды еншілеп кететін көрінеді. Бұл да қазақ халқының ерлігін паш ететін, азаматтың тұрқы бөлек тұрымтайдай жан екенін даралап беретін көкпардың бір түрі.
Иә, қазақ халқының әрбір ұлттық ойынының астарына бойласақ, тылсым да тұнық, қаһармандық пен ерлікке, әдеп пен ибаға бастайтың сыр жатқандай. Тек соны бүгінгі ұрпаққа жеткізе білу лазым. Ал бүгінгі күні атойламасақ та ат ойнатып жүргеніміз бабалар ізін жалғағанымыз болар. Жас шайырларымыздың бірі: «Ұл өспейді құр мақтап ерсің десе, ұлт өспейді дәстүрін менсінбесе, нағыз қазақ екем деп айтпа, жігіт, тақымыңа тұлпардан тер сіңбесе», – деп жырлайды. Рас, тақымында тұлпарын тулатқан, түркілердің айбынын асқақтатқан алты Алаштың азаматтары ұлттық ойынын ойнап, сәйгүліктің қадірін білмесе қиын-ақ. Алайда ел мерейін асырған шабандоздарымыздың саны жыл сайын артып, көкпар сайыс дәстүрлі түрде өтіп келе жатқандығына да шүкір. Жауын жер жастандырмай майдан даласын босатпайтын, атқа қонса атойлап алға шығар, тақымындағы тұлпары туласа талай елдің ту-талақайын шығарар жұрттың қанын қыздырып, жанын рахатқа бөлейтін көкпар ойыны әрқашан көздің қарашығындай қорғалып ғасырдан ғасырға жететіні ақиқат.