17 Қыркүйек, 2013

Балалар «жедел жәрдемі»

656 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қала күні қарсаңында Алматыдағы балаларға арналған жедел жәрдем орталығы респуб­ликада теңдесі жоқ заманауи үлгіде салынған дүниежүзілік стандартқа сай жаңа ғимаратқа көшті.

Қала күні қарсаңында Алматыдағы балаларға арналған жедел жәрдем орталығы респуб­ликада теңдесі жоқ заманауи үлгіде салынған дүниежүзілік стандартқа сай жаңа ғимаратқа көшті.

Онда негізінен қаланың балаларына травматология, көпсалалы хирургиялық көмек көрсетілумен қатар, бүгінгі заман талабына сай жансақтау және интенсивті терапия, сондай-ақ, 3 операциялық блок орналасқан. Оның құрылысына 600 млн., соңғы үлгідегі медициналық құрылғылармен жарақтандыруға 600 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалыпты.

– Алматы қаласында балалардың денсаулығын сақтауда көптеген шаралар атқарылуда. Бүгінгі ашылып отырған орталық соның бір парасы, – деді салтанатты жиында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова. – Айта кету керек, құрылыс жұмыстарын біраз созыңқырап алдық. Оның себебі, хирургиялық корпус болғандықтан, ерекше көзқарас, ерекше талапты қажет етеді.

Зәуреш Жұманәліқызы осы уақытқа дейін тар жерде қысылып-қымтырыла жүріп балалардың өміріне араша тұрған дәрігерлердің еңбегін атап өте келе, емдеу орнының бүгінгі заман талабына сай болуы, жағдайдың жақсаруы – ол, ең алдымен, балаларға жасалған қамқорлық екеніне, екіншіден, күндіз-түні қолдарынан қандауыр түспейтін хирургтерге жасалған қолдау екеніне әрі тек Алматы қаласы үшін емес, бүкіл республикада маңызы зор екеніне тоқтала кетті.

Шынында, бұл орталық педиатрия қыз­метінің, оның ішінде балалар хирур­гия­сының ұстаханасы болып саналады. Осы орталықта жарты ғасырға жуық балалар хи­рургиясының атасы, академик Камал Ормантаев ағамыз еңбек етіп, қаншама буын балалар хирургтерін дайындады. Жиынға қатысушылар орталықтың салтанатты ашылуы баршаларының сүйікті дәрігері, отандық медицинаға, оның ішінде балалар хирургиясына өлшеусіз үлес қосқан академик Камал Ормантаевтың туған күнімен сәйкес келуі тегін еместігін атап өтсе, Алматы қаласы әкімдігі ақсақалымызға құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.

– Осыдан 15 жыл бұрын Президент Әкімшілігіне барып, аурухана аумағындағы бос жерге 150 орындық қосымша ғимарат салу керектігін айтып өтініш білдірген едім, – деп қуанышымен бөлісті Камал Сәруарұлы. – «Ештен кеш жақсы» деген, әркімде бала, немере бар. Әсіресе, аналар шырылдаған балаларын құшақтап келіп, күндіз-түні аурухана жағалап жүргенде жүрегің ауырып, қолымыздан келген көмегімізді аямаймыз. Оның үстіне осы аурухана 1965 жылы ашылғанда ассисент болып келсем, енді академик дәрежесіне дейін жеттім. Көптеген бас дәрігерлер қолынан келгенінше еңбек етті. Балалар ауруының жаңа туған нәрестеден бастап ерекшелігі өте көп. Сондықтан, мұнда сан емес, сапаға жұмыс істеуіміз керек. МРТ, ангиограф, т.б. аппараттар алыныпты, бұл деген керемет қой.

100 төсек-орынға есептеліп салынған емдеу орны жаңа туған нәрестеден бастап 15 жасқа дейінгі жасөсірімдерге медициналық қызмет көрсетеді. Кез келген хирургтің арманы болатындай 3 операциялық блок соңғы медициналық техникалар мен қазіргі заманғы технологиялармен жарақтанған. Жеке наркоз бөлмесі, нейрохирургиялық ота жасайтын микроскоп, эндовиеохирургиялық және нейрохирургиялық бағаналар, ота кезінде зерттеуге арналған рентген қондырғысы, т.б. орнатылған. Әсіресе, отадан кейінгі жансақтау бөліміндегі палаталар кең, жарық. Онда науқас балаға барлық жағдай жасалған. Шала туған, салмағы кем балалар жататын бесіктер (кюбез) бар.

Орталық жоғары дәрежелі мамандармен толық қамтылған. Онда дәрігерлік 28 бағыттағы мамандар медициналық көмек көрсетсе, олардың 6-уы медицина ғылымдарының кандидаты, 51-і жоғары және бірінші санаттағы дәрігер. Ең бастысы, мұнда Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институты мен С.Асфендияров атындағы Қазақ ҰМУ-ының балалар хирургиясы кафедраларының базасы орналасқан. Аурухананың басты ерекшелігі – тәулік бойы науқас балаға жедел әрі сапалы көмек көрсетеді.

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы.

Соңғы жаңалықтар