17 Қыркүйек, 2013

Әкімдер кәсіпкерлерді ауылға шақырады

390 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде аудан, ауыл-аймақтарда жұмысы тоқтап қалған кәсіпорындар мен жобалар өте көп. Міне, осыларға инвестиция тартып, қайта жандандыру мақсатында жақында «Оңтүстіктің инвестициялық жобалары» атты бесінші көрме өткізілді.

Бүгінде аудан, ауыл-аймақтарда жұмысы тоқтап қалған кәсіпорындар мен жобалар өте көп. Міне, осыларға инвестиция тартып, қайта жандандыру мақсатында жақында «Оңтүстіктің инвестициялық жобалары» атты бесінші көрме өткізілді.

Оған Шымкент қаласы мен Ордабасы және Сайрам аудан­­дарындағы 30-ға жуық ин­вестициялық жобалар көрсе­ті­ліп, өз кезегінде әр аудан әкім­де­рі жобаларды таныстырып өт­ті. Тағы бір ерекшелік – ин­весторларға жобалар туралы ға­на емес, аудандардағы пайдалы қазба кен орындары туралы да толық ақпараттар жария етілді.

– Бұл көрме облыс аумағында кәсіпкерлік нысандардың көбе­юіне ықпалын тигізіп отыр, – дей­ді облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев. – Бүгінгі күні Үдемелі индустриялық-ин­но­вациялық даму мемлекеттік бағдарламасына қатысуға ниет білдірген кәсіпкерлер саны 101-ге жетті, бұл республика бойынша өтініш берушілердің 40 пайызын құрап отыр. Былтырғы жылы бізге тек 102 өтініш келіп түскен болатын. Қазір аудандардағы пайдалы қазбалар қорлары игеріле бастады, мысалы, Бәйдібек ауданында травентин тасы кен орнын игеруге 7 кәсіпкерден өтініш түсіп отыр. Бүгінгі күні сол кен орнының аумағын индустриялық аймаққа айналдыру қарастырылуда.

Ал, облыстық Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры Нұржан Алтаев «Бір ай көлемінде инвесторларға тиім­ді әрі маңызды деген 30-40 жобалар ұсынылған болатын. Өткен көрмелердегі жоба­ларға қызығушылық танытып, меморандумға қол қойған ин­весторларға біздің орталық пен ауыл әкімдіктері тарапынан жан-жақты көмек көрсетілуде. Мы­салы, Түлкібас, Төле би аудандары мен Түркістан қаласының әкімдіктері кәсіпкерлерге жобаларды іске асыруға қажетті жер телімдерін бөліп берді. Түл­­кібас ауданында 100 гектар аумақ­та интенсивті бау-бақ­ша отырғызылып, 5 гектарға «жер­құлақ» саңырауқұлағы өсі­рілетін болды. Түркістанда кә­сіпкерлерге индустриялық ай­­мақ­­тан кірпіш зауытын со­ғуға, балық шаруашылығына ар­­налған аймақ, шыныдан жа­сал­ған шөлмек шығаратын зауыт салуға жер бөлінген. Айтып өту керек, аталған жобалардың қар­жыландыру мәселесі осы біздің орталық арқылы жүзеге асуда», деп бұл көрменің қол жеткізген жетістігі көп екенін айтып өтті.

Көрмеде Сайрам ауданында құрамажем шығаратын зауыт құрылысы, «жасыл» технологияны қолдану арқылы жібек жібін өндіретін шаруашылықты ұйымдастыру, кілем шығаратын фабрика құрылысы, интенсивті алма бақ өсіру, Ордабасы ауданында шұжық цехын салу, ба­лық шаруашылығын дамыту және өндеу жобасы, Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақта» ұсынылатын шарттар, қуатты­лығы 10 МВт жылу және электр стансасын салу, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, суды тазалайтын қондырғылар дайындайтын зау­ыттарын салу секілді бірқатар жобаларды ұсынды.

Сөйтіп, инвес­торлар мен әкім­діктер арасында 23 мемо­ран­думға қол қойылды. Егер бұл жобалар қолға алынса жалпы сомасы 37,6 млрд. теңгеге инвестициялық жобалар іске асырылып, аталған аудандарда 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деген үміт бар. Ал, «Оңтүстіктің инвестициялық жо­балары көрмесінің» жалпы қо­ры­тындысы бойынша құны 110,9 млрд. теңгені құрайтын 70 ме­морандумға қол қойылып, облыста 6 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Соңғы жаңалықтар