Қоғам • 27 Сәуір, 2020

Жазасын өтеушілерде де жүрек болады

253 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сотталған, жазасын түзеу мекемелерінде өтеп жүрген жандардың адами қадір-қасиетіне қоғамның өзге мүшелері тарапынан күмән келтіріліп қалатын жәйттер өмірде ұшырасып тұрады. Расында да солай ма? Бұл тым бір жақты тұжырым секілді. Бұған Қылмыстық атқару жүйесі департаментінен алынған ақпарат айқын айғақ бола алады. Яғни, Ақтөбедегі КА-168/1 еңбекпен түзеу мекемесінде жазасын өтеуші өзінің жалақысын мүгедек балаларға беру жөнінде шешім алған.

Жазасын өтеушілерде де жүрек болады

Түйіп айтқанда сотталған Мейрамбек Боранбаев елдегі төтенше жағдайға байланысты мүмкіндігі шектеулі жандарға бір айлық жалақысын аударып, қайырымдылық жасау жөнінде шешімге келгенін айтады. Ол осы ұсынысына қолдау білдірген еңбекпен түзеу мекемесінің басшылығына алғысын білдіре келіп, басқа азаматтарға да қиын жағдайда бірге болуға шақырады.

Аталған қаражатқа бірнеше отбасыға азық-түлік түрлері сатып алынған. Қайырымдылық көмегін алған Ақтөбе қаласындағы «Ғажап» мүгедек балалар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ботагөз Дүйсекова карантин кезінде қайырымдылық іс жасаған сотталушының азаматтық шешіміне ризашылығын жеткізіп, мүгедек балалар тәрбиелеп отырған барлық ата-аналардың атынан алғыс айтты.