Жылдағы дәстүр бойынша елорда жұртшылығын қолжетімді бағада ауылшаруашылық тауарларымен қамтамасыз ету үшін еліміз өңірлерінің жәрмеңкесі басталды. Шараның алғашқы легін Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының тауар өндірушілері бастады. Аталған шараның ашылуына Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков қатысты.
Жылдағы дәстүр бойынша елорда жұртшылығын қолжетімді бағада ауылшаруашылық тауарларымен қамтамасыз ету үшін еліміз өңірлерінің жәрмеңкесі басталды. Шараның алғашқы легін Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының тауар өндірушілері бастады. Аталған шараның ашылуына Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков қатысты.
Алдымен Алматы облысына келсек, жәрмеңкеге аймақтың 19 ауданы, қалаларының ауылшаруашылық тауар өндірушілері келді.Бұл жәрмеңкеде азық-түліктің 56 түрі Астана базарларындағы бағадан 15-40 пайыз аралығында төмен бағада саудаланды. Сондай-ақ, жалпы құны 136 миллион теңге болатын 443 тонна ауылшаруашылық тауарлары сатылды.
Жәрмеңкемен қатар, осы күні жетісулықтар алаңда этноқалашық орнатып, онда көркемөнер және халықтың қолданбалы өнері көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде Жеңіс Ысқабайдың фотосуреттері, Құрманғазы Қадыровтың тері, сүйек, ағаш араластырып жасаған суреттері, Татьяна Полщенко мен ДариғаАманқосованың картиналары астаналықтарға ұсынылды. Сонымен қатар, Еңбекшіқазақ ауданындағы Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейі мен Талдықорғандағы М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің бірқатар экспонаттары да этноқалашықтан орын тепті. Ұлттық саятшылық өнерді насихаттайтын облыстағы «Жеті қазына» құсбегілер мұражайының жәдігерлері де көпшіліктің назарын аударды. Жәрмеңкеге келушілер жетісулық «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концертін тамашалады.
Шығыс Қазақстан облысынан жәрмеңкеге Глубокое, Бородулиха және Көкпекті аудандарының тауар өндірушілері келді. Олар қала тұрғындарына 27 тонна бал, 500 кг сүт және шұжық өнімдері мен 3,5 тонна сұйық май, 2 тонна жарма, 10 тонна картоп және 7 тонна көкөніс-бақша өнімдерін ұсынды.
Жәрмеңке қаланың орталық алаңында апта сайын демалыс күндері 3 қарашаға дейін жалғаспақ. Оған дейін Астанаға еліміздің барлық аймақтары өз өнімдерін ұсынады деп жоспарланған.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».