Үкімет • 03 Желтоқсан, 2016

Инвестициялық әлеует әспеттелді

6470 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада «Қазақстан: жаңа инвестициялық мүмкіндіктер» атты конференция өтті.

Инвестициялық әлеует әспеттелді

Шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылды. Инвестициялық форум­да мамандар пікір жарыстырып, еліміздің инвести­циялық ахуалын арттырар жұмыстар, қолға алынған жобалар, жетістіктер мен жоспарлар жай­ындағы ақпараттармен бөлісті. Шараны Инвес­тициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек ашып, сөз сөйледі.

«Қазақстанның Инвестициялар және даму министр­лігі осы конференцияның өтуін мемлеке­тіміздің іскерлік өмірін­дегі маңызды оқиға ретінде қарасты­рады. Бұл түрлі елдердің саяси және іс­кер­лік шеңберімен диалог, тікелей қаты­нас орнатудың тамаша мүмкіндігі. Біз бүгінгі кездесуді еліміздің инвес­тициялық әлеуетінің ілгерілеуінің тиімді тәсілі деп білеміз», деді Ж.Қасымбек.

Конференцияда сөз алған Еуропа қайта құру және даму банкінің Қазақ­стан­дағы бөлімшесінің жетекшісі Джа­нет Хекман алдағы жылы Қазақ­стан­ның ішкі жалпы өнімі өсетінін айтты.

«Еуропа қайта құру және даму бан­кі Қазақстанда барлық салаларды қаржыландырып жатыр. Сол себепті бас­қа xалықаралық ұйымдар мен донор компанияларға қарағанда, біз осы елде­гі жағдайды жақсы білеміз. Бүгінде біз баспасөз беттерінде сан алуан болжам­дарды оқып жүрміз. Дегенмен, біздің экономистер болашаққа оптимис­тік көзқараспен қарап отыр. Біздіңше, бүгінде Қазақстан мұнай-газ саласын­дағы экономикалық құлдырау кезеңінен өтті. Мемлекет аталған сынақты сәтті еңсе­ре білді. Сондықтан биыл ішкі жал­пы өнім шамамен 0,7 пайызға өседі деген болжам бар. Ал келесі жылы ол көр­сеткіш 2,4 пайызға көтеріледі. Біздің есебімізге сәйкес, қазіргі кезде инфля­ция өзінің шарықтау шегіне жетті. Енді, ағымдағы жылдың аяғына дейін, сосын келесі айда ақша мен актив­тердің айналымы қалыпты деңгейге оралады», деді Джанет Хекман.

Конференция жұмысына 100 қазақстандық және агроөндірістік кешен, мемлекет-жекеменшік серік­тес­тігі, кен-металлургия кешені, қуат, мұнай-газ және банк секторлары, ақпарат­тық-коммуникациялық технологиялар, ин­новация, көлік және логистика, тағам өндірісі, химиялық сала, машина құрас­тыру, кеме жасау, медицина және туризм саласындағы қазақстандық және шетелдік компаниялардан 300-ге жуық адам қатысты.

Шара шеңберінде Қазақстанның ин­дустриясына, инвестициялық қыз­меттің кеңеюі мен жоғары технологиялық өндірістің дамуына қосқан үлестері үшін шетелдік инвесторларды жыл сайынғы марапаттау рәсімі өтті. Айта­лық, Қарашығанақ мұнай-газ кен орнын өңдеу және пайдалану бойын­ша «КПО» бірлескен кәсіпорны, «Tena­ris» италиялық құбыр өнімін өндіру­ші және жеткізуші, жапониялық Науubeni­Corporation уран өндіру, «Heidelberg­Cement» неміс құрылыс материалдарын өнді­рушісі, экологиялық таза отын дамытумен айналысатын «KOLON» оңтүстіккореялық компания, «ЭФКО» ресейлік май өндірушісі, «Kelun Kazpharm» қытай фармацевтикалық компаниясы, Қазақстанда ULKER деген атпен белгілі «Pladis» түрік кондитер бұйымдарын өндіруші компаниясы марапатталды. Сондай-ақ, Қазақстан экономикасының дамуына қосқан инвестициялық белсенділігі үшін Еуропа қайта құру және даму банкі және Үкімет пен шетелдік инвесторлар арасында қатынас орнатудағы үлесі үшін «Шетелдік инвесторлардың Қазақстан кеңесі» ассоциациясының да еңбектері бағаланды.

Инвестициялар және даму министр­лігі мен «KAZNEX INVEST» экспорттау және инвестициялау жөніндегі ұлттық агенттігі мұрындық болған бұл конференция аясында индустриялық-инновациялық жобалардың біртұтас көрмесі өтті. Оған 70 қазақстандық компания мен кәсіпкер қатысты.

Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»