Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, қазақтан шыққан тұңғыш балерина Нұрсұлу Тапалованың туғанына 90 жыл толуына орай №36 мектептің жоғары сынып оқушылары үшін «Би еркесі» атты танымдық сағатын ұйымдастырды.

Ұлы өнер иесінің есімін дәріптеп, ұрпақ есінде мәңгі қалдыру мақсатында ұйымдастырылған шараның барысында атақты балеринаның өмірі және шығармашылық жолы жайлы әңгіме қозғалды.
Нұрсұлу Елубайқызы 1923 жылы Ақтөбе облысы Ойыл ауданында дүниеге келген. 1950-60-жылдары сахнаның сәніне айналып, қазақтың тұңғыш балеринасы атанған биші Нұрсұлу Тапалованы ең алғаш өнерге тартқан академик Ахмет Жұбанов екен. Қаршадай қызды Алматыдағы опера және балет театрының көркемдік жетекшісі Қ.Жандарбеков пен балетмейстер А.Александров қамқорлықтарына алады. Ол И.Н. Надировтың «Көктемінде», П.И. Чайковскийдің «Аққу көлінде», т.б. балеттік партияларды биледі. Сондай-ақ, ұлттық опералардағы Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайында», М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасында» жеке билерді нақышына келтіре орындады. 1953 жылдан «Қазақконцерттің» солисі қызметін атқарып, эстрадалық ән-би, миниатюра жанрында еңбек етті. «Құрмет Белгісі» орденімен, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі атағымен марапатталған балет бишісі Нұрсұлу Тапалова 1998 жылы 75 жасында өмірден озды.
Шара барысында оқушылар викторинаға қатысып, «Қазақ халқының өнерпаз қызы» атты кітап көрмесімен танысты.
Радна ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
кітапхана қызметкері.
Ақтөбе облысы.