Аймақтар • 27 Сәуір, 2020

Айкөркем Кусесова: Коронавирус жұқтырған күнді ұмыта алмаймын

1465 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атырауда коронавирус инфекциясынан жазылып шыққандардың бірі – Айкөркем Кусесова.  Атырауға Амстердам арқылы ұшып келген.

Айкөркем Кусесова: Коронавирус жұқтырған күнді ұмыта алмаймын

Ол Канаданың Ванкувер қаласындағы Саймон Фрейзер университетінде оқитын еді.  Алайда, жаһан жұртының үрейін ұшырған коронавирус инфекциясына байланысты  университетіміз онлайн форматтағы оқуға көшіпті.

– Содан елге оралуға жиналдық. Университет  билет алып берді. Атырауға Амстердам арқылы ұшатын рейспен  келген бойда оқшауландық. Біздің рейстегі бір жолаушының анализінен коронавирус инфекциясы расталды. Сөйтіп, бізді де 14 күн карантинге, яғни, Атыраудағы ​ провизорлық стационарға жатқызды. Шынымды айтсам, бастапқыда менде инфекция симптомы  болған жоқ. Карантинде  өзімді жақсы сезініп жүрдім.  Дене қызуым көтерілмеді. Карантин мерзімі өткен соң, үйге барамын деген үмітім бар еді. Бірақ, дәрігерлер менен де вирустың табылғанын хабарлады, -дейді ол.  

Әрине, аурудың қай-қайсысы да адамға уайым тудырады ғой. Ал, мынадай қауіпті індетке шалдығу туралы есту, тіптен қорқынышты екені рас. Індеттің шеңгеліне ілінгенін естігенде Айкөркем де қатты жылады. Біреу сенер, біреу сенбес, дәл сол сәтте болашағы  бұлыңғыр тартып бара жатты.

– Бұл күн менің есімде мәңгі сақталатын болар. Есімнен шығара алар емеспін. Бұл – 8 сәуір. Дәл осы күні менде қауіпті індеттің белгісі анықталды. Сол күні Атыраудағы инфекциялық ауруханаға түстім. Ойыма не келіп, не шықпады дейсіз. Әрі-сәрі күйге түстім. Үйдегілерге телефонмен үздіксіз хабарласып, «Енді не істеймін?» деген сұрақты қайта-қайта қоя бердім, -дейді Айкөркем Кусесова.

Инфекциялық ауруханадағы алғашқы күні уайыммен өтіпті. Дәрігерлер ауруханаға жатқан сәттен бастап  екі дәрі берді. Бұл –​ коронавируспен күресіп жатқан  әлем медицинасы қолданған дәрілер.​ Дәрі қабылдаған соң, бастапқыда асқазаны ауырған. Кейін аузыма ащы дәм келетін болды. ​ Дәрігерлер  бұл індеттен сауығатынына  сендіріпті.

– Менімен бірге палатада  үш адам жатты.  Олардың бірін құрғақ жөтел қысып, қатты қиналды.   Енді бірі дәмді, иісті мүлдем сезбеді, -деп аурухана күндерін мұңая еске алды ол.  

Дәрігерлерге ешқандай өкпесі жоқ. Олар күн сайын науқастарды балаша мәпеледі.  Қал-жағдайын сұрады. Таңмен  берілетін дәріні қабылдауын қадағалады.  Кейін дене қызуын өлшеді. Таңертеңгі сағат 10:00 шамасында ​ дәрігерлер  жағдайын  тексереді екен.  

– Бір риза болатыным, дәрігерлер бізді дәрімен ғана емес, жылы сөзімен де емдеп шығарды. Менің қауіпті індеттен жазылып шығуыма бар ынтасымен еңбектенген Жантөре Орысбаева, Салтанат Қайырова, Нұрфия Қизатова, Әсия Сидешоваларға, барлық медицина қызметкерлеріне алғысым шексіз, -деп ағынан жарылды студент. –Ауруханадан шыққан күні қуанышымда шек болған жоқ. Себебі, әлемде бұл індеттің құрбаны болып жатқандар көп ғой. Бастапқыда «осы індетті жеңіп шықсам» деген арманым болды. Сол арманым орындалғанына қуандым.

Ауруханадан шығып, үйге келе жатқанда,  көшеде көп адамның алаңсыз жүргеніне қынжылды. Жалпы,  адам басынан өткізбей, қауіп-қатердің не екенін сезінбейді ғой.​

– Қазір халық арасында «вирус жоқ, ауруханаға жатып шығу үшін ақша төлеп жатыр»  деген алып-қашпа әңгімелер бар. Одан хабардармын. Бірақ, сондай әңгімелерді таратып жүргендер де, соған сенетіндер де қатты қателеседі. Өйткені,  коронавирус –ойыншық емес. Бұл – өте қауіпті індет. Коронавирус біздің арамызда жүр. Сондықтан, дәрігерлер ұсынған сақтық шараларын қатаң сақтаған жөн. Менің баршаға берер кеңесім –өзіңіздің, отбасыңыздың, барша адамзаттың амандығын ойласаңыз, тәртіпке бағынып, тағы да қайталап айтайын, сақтық шараларын сақтап, бей-берекет жүруді доғару керек, -дейді Айкөркем Кусесова.

Енді ол дәрігерлердің берген кеңесін сақтауға бекініп отыр. Үйінде 21  күндік карантинде болады. Мекен-жайы бойынша тіркелген емханадағы эпидемиолог-дәрігерге күн сайын жағдайы туралы хабарлап, видео жібереді.  Карантин мерзімі аяқталған соң,  қайтадан анализ тапсырады.  Бәрі де жақсы боларына сенеді.