Ертеңнен бастап жөндеу және құрылыс кәсіпорындары, сондай-ақ жол жөндейтін және жүк тасымалдаушы компаниялар, асфальт зауыттары жұмыстарын жалғастыратын болады. Адам санына шаққанда 45 мың жан жұмысқа кіріседі. Халыққа қызмет көрсету орталықтары кәсіпкерлер үшін жұмыс істейді, ал жеке тұлғалар үшін әлі де онлайн түрінде қала береді. Азық-түлік дүкендері мен супермаркеттер жұмыстарын таңғы сегізден кешкі жетіге дейін жалғастыра алады. Бұрын таңғы сағат 10.00 кешкі 18.00-ге дейін ғана болатын.
Қала тұрғындарының мазасы кетіп жүрген мәселе - саяжайларға барудың шектелгені еді. Енді таңғы сағат бестен кешкі сегізге дейін саяжайға баруға рұқсат берілген. Оған арнайы автобустар апаратын болады, бірақ автобустың аузы-мұрнынан шыға толтырылуы қатаң қадағаланады.
Ауруханалар да жоспарлы жұмыстарын жалғастыратын болады. Диагностикалық кеңестер беру де жалғасады. Адвокаттық, консультациялық, сондай-ақ автожуу, техникалық қызмет көрсету, химиялық тазарту сияқты қызмет көрсету орындары да іске қосылады.
Одан әрі әкім солтүстікқазақстандықтарға карантин барысында көрсетілген көмектер туралы да айтып өтті. Табысынан айрылған барлық 94 мың жан 42500 теңгелік көмек алған. Оған 4 млрд теңге жұмсалған. «Біз біргеміз» қоры арқылы көмек алғандар саны 11 мың адам. Бұл шығынға 600 млн. теңге төленген. Коммуналдық төлемдерден азаматтардың 7 категориясы босатылып, оған 1 млрд.теңге жұмсалады.
Сөзінің соңында Құмар Іргебайұлы облыс тұрғындарына карантин кезіндегі қатаң режімді бұлжытпай орындағандары үшін алғысын айтты. «Соның арқасында соңғы үш аптада біздің облыста бірде бір адам науқасқа ұшыраған жоқ. Сәуір айының басында біз індетке тап болғандар саны бойынша республикада үшінші орында болған едік. Сіздердің карантин талаптарын түсіністікпен орындап, қатты сақтағандықтарыңыздың арқасында бізде індет күш алмады. Қазір біз еліміздегі барлық аймақтың арасында 15-ші орындамыз», деді ол.
Сонымен бірге әкім індеттің әлі де айықпағанын, сондықтан сақтық шараларын төмендетпеуді, әркім өзі тұратын аудандардағы дүкендер мен қызмет орындарына ғана бару керектігін ескертті.
Солтүстік Қазақстан облысы