18 Қыркүйек, 2013

Науқан қарқын алды

264 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әйтеке би ауданы облыстағы астықты өңір. Сондықтан ауданның диқандар қауымы қоңыр күзден үлкен үміт күтеді. Алайда, соңғы жылдары өңірде болған қуаңшылықтың зардабы бұларды да айналып өтпеді. Егін шықпай, еңбек еш кетті. Бұл шаруашылық құрылымдарының қаржылық жағдайына да әсер етпей қалмады. Рас, биыл аудан диқандары өткен жылдарға қарағанда біршама тәуір егін өсіріп отыр. Енді күзгі жауын-шашынға ұрындырмай ысырапсыз жинап алудың амалдарын қарастыруда екен. Үстіміздегі жылы аудан бойынша 144935 гектарға дәнді дақыл егілген. Соның 125460 гектары бидай, 17500 гектары арпа, 882 гектары сұлы, 500 гектары тары.

Әйтеке би ауданы облыстағы астықты өңір. Сондықтан ауданның диқандар қауымы қоңыр күзден үлкен үміт күтеді. Алайда, соңғы жылдары өңірде болған қуаңшылықтың зардабы бұларды да айналып өтпеді. Егін шықпай, еңбек еш кетті. Бұл шаруашылық құрылымдарының қаржылық жағдайына да әсер етпей қалмады. Рас, биыл аудан диқандары өткен жылдарға қарағанда біршама тәуір егін өсіріп отыр. Енді күзгі жауын-шашынға ұрындырмай ысырапсыз жинап алудың амалдарын қарастыруда екен. Үстіміздегі жылы аудан бойынша 144935 гектарға дәнді дақыл егілген. Соның 125460 гектары бидай, 17500 гектары арпа, 882 гектары сұлы, 500 гектары тары.Біз барғанда осыншама алқаптың 47265 гектарының егіні жиналып, әр гектардан орташа 7,5 центнер астық бастырылған. Аудан шаруашылықтары бұдан басқа 8500 гектардың майлы дақылдарын, 270 гектардың картобын, 115 гектардың көкөнісін және 11 гектардың бақша өнім­дерін жинауы тиіс. Егін орағын өткізуге 3166,0 тонна жанар-жағармай бөлініп, оның 710,0 тоннасы жеткізілген. Бұл жұмыс жалғасуда. Егін жинауға 202 комбайн қатысуда. Әр комбайнға 717 гектардан келгенде, егін орағы 24 күнде аяқталады деп күтілуде.

Біз биыл тым тәуір егін өсі­ріп отырған «Бұлақ Агро» ЖШС-нің алқабына келгенде күн еңкейіп қалған-ды. Күзгі да­ланың ажары жақсы. Сары ал­тындай жарқыраған астықты ал­қап көз қуантады. Орам шеті­не аялдаған комбайндардан­ жү­зін жел қаққан механизаторлар түсіп, бізге жақындады. Осы жерде көшпелі шеберхана, дәне­кер­леу аппараты тіркелген трактор да аялдап тұр. Бірінші болып жолыққан «Бұлақ Агро» ЖШС-нің механигі Мейрамбек Рза­ғұлов егін орағының жай-күйін әңгімелеп берді. Оның ай­туынша, серіктестік биыл 8,6 мың гектарға жуық алқапқа дәнді дақыл еккен. Ол үшін өткен жылы күзде үш қайтара жыртылып, пар дайындалған, 4 мың гектарға қар тоқтатылған, қалған егіс алқа­бы көктемде агротехникалық өң­деуден өткізілген. Қазір серік­тес­тіктің егін алқабында екі «Класс», бір «АCROS» және үш «Нива» комбайндары жұмыс істеуде.

Бұл алқапқа жаз бойы бір тамшы жауын жаумағандықтан түсім де онша жоғары емес. Әзірге гектар түсімділігі 6 центнерден айналуда. Диқандар егін орағы басталар кезде болған нөсер жаңбырдың салдарынан, төрт күн қатты жел тұрғандықтан бірден еңбек ырғағына түсіп кете алмапты. Алайда, ауа райының ашық кезін өткізіп алмауға тырысқан диқан қауымының ұмтылысы тәуір, талпынысы жақсы. Қазір ауа райы ашық болып тұр.

Аспанда шөкімдей бұлт көрінсе көңілдері түсіп кететін диқан қауы­мы екі ауысыммен еңбек етуде. Ком­байншылардың ересегі Болат Ахметов әріптестеріне өнеге болуда. Ал, одан комбайндарын ұршықша үйірген Амангелді Сәрсенов, Марат Исламов сынды жігіттер де қалысар емес. Мамандар жас комбайншы Марат Исламов туралы жылы лебіз білдірді. Ол егін орағына төртінші жыл қатарынан қатысып жүр. Қандай техниканың да тілін білетін шебер механизатор бұл кәсіпке арнайы оқымай-ақ әкесінен үйренгенін тілге тиек етеді. Олар диқан қауымының еңбегі жанатыны да осы кез екенін жақсы түсінеді. Түсім болса, еңбекақы да жаман болмайды, дейді комбайншылар бірауыздан. Енді-енді орақ түсе­тін алқаптардан үмітті комбайншылар. Бұл алқаптардан гектарына 10 центнер астық жинау көзделуде. Ке­шірек тұқым се­білген алқаптарда егін­нің шіл­денің соңы мен тамыздың ба­­сындағы жаңбырларға ілігіп, дән то­лықтыруға жақсы болғанын алға тартады. Олар үшін көшпе­лі вагонда далалық ас­хана жұ­­мыс істейді. Егін орағына қа­ты­сып жүр­гендер үш мезгіл та­мақтанады. Ас­паздар Таня Кар­по­ва мен Айман Бай­тен­те­кова дайындаған дәмді асқа егіншілер дән риза.

«Бұлақ Агро» ЖШС егін орағын қысқа мерзімде төкпей-шашпай жинап алуға жұмылуда. Гектар түсімі артқан сайын жұмыс та өнікті бола түсуде. Қазір егін орағы қарқын алды. Се ріктестік диқандары күн сайын 500 гектардан астам алқаптың астығын жинауда. Комбайндардан астық тасымалдайтын көліктерде кідіріс жоқ. Комбайннан қырманға жеткізілген астықты тазарту үшін серіктестіктің өзінің «ЗАВ-40» механикалық қырманы жұмыс істейді. Егін орағына қатысып жүрген техника бұзыла қалса жөндеушілер бригадасы қысқа мерзімде бұзылған қосалқы бөлшекті ауыстырып, қалпына келтіріп бере қояды. Егін орағына қажетті жанар-жағармаймен қамтамасыз етілген. Біз комбайншылармен әңгімелесіп бола бергенде «Бұлақ Агро»ЖШС директоры Ақжол Дабылов та осында жетті. Серіктестік басшысы астық бағасының арзандап, қосалқы бөлшектердің, жанар-жағармайдың қымбаттап бара жатқанына қынжылыс білдірді. Жанар-жағармай азда болса жеңілдетілген бағамен беріліп отырғанына шүкіршілігін жасырмады. Үш-төрт жылдан бергі қарыздарды өтеудің күрделілігін тілге тиек етті. Қалай болғанда да, биылғы егіннің шығымы бұрынғы жылдарға қарағанда, жаман емес екенін, ендігі мәселе, осы барының өзін ысырапсыз жинап алуға тіреліп тұрғанын жеткізді.

Ауданда болғанымызда «Құмқұдық» ЖШС-інің егін алқаптарында да гектар түсімі жақсы екенін естідік. Серіктестік биыл 19 мың гектарға егіс салған. Ша­руашылық басшысы Александр Чемо­дановтың айтуынша, егіннің шығымы былтырғыға қарағанда тәуір. Қазір шаруашылықтағы шетелдік «Кейс», «Класс» және Ресейдің «Вектор» комбайндары екі ауысыммен жұмыс істейтін көрінеді. Дала қосында егін орағына қатысушылар үшін қолайлы тұрмыстық жағдай жасалған. Егін орағын бір айдың шамасында аяқтау көзделуде. Осындай қарқынды жұмыс «Алтынсарин» ЖШС-інің егін алқаптарында да қалыптасқанын айтқан жөн.

Бұл шаруашылықтардың егін жи­нау­дағы ширақ қимылы өзгелерге өнеге болуда. Маңдайтермен өсірілген тым тәу­ір егінді жинап алуға жұмылған әйте­ке­биліктердің бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Үш-төрт жылдай қуаңшылық зарда­бын шеккендіктен болар ауа райының ашық кезін тиімді пайдалануға деген тал­пыныс күшті. Ол егін орағындағы әр комбайншының, тасымал көлігін жүр­гі­зушінің, техникалық қызмет көрсе­ту­шілердің бойындағы еңбекке деген құлшыныстан айқын аңғарылады.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы,

Әйтеке би ауданы.

Суретті түсірген Бердібай Кемал.

Соңғы жаңалықтар