Аймақтар • 28 Сәуір, 2020

Ақмолада жол құрылысы қарқынды жүргізілуде

191 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл облыстағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына 24 миллиард теңге қаражат бөлінген. Бюджет есебінен 440 шақырым жол жөнделмек.

Ақмолада  жол құрылысы қарқынды жүргізілуде

Карантин мерзіміндегі көлік ағынының азаюын тиімді пайдаланған Көкшетау қаласының әкімдігі жол төсемін алмастыруға айрықша көңіл бөліп отыр. Қазіргі таңда облыс орталығындағы 40-тан астам көшеге асфальт төселіп, жол жөндеу жұмыстары қауырт атқарылуда. Әзірге Ш.Уәлиханов, М.Ғабдуллин, М.Әуезов, Е.Әуелбеков тәрізді негізгі көшелерді қамтыған. Қазіргі таңда Н.Назарбаев даңғылы, Ш.Уәлиханов көшелерінің Зеренді бағытында жол төсемі толық жаңғыртылды. Қаладағы күре жолдарда негізінен ескі асфальтты алмастыру қолға алынған. Сондай-ақ, бұған дейін мүлдем жол төсемі болмаған көшелер де қамтылып отыр.

Жол бетінен сырылып алынған ескі асфальт қаланың жөндеу көрмеген көшелеріне қайта төселуде. Қалтарыста қалып, лай мен саздан арылмаған 27 көшеге алғаш рет жол салынып жатыр. Ал, күре жолдардың жабыны толық жаңартылады. Бұл жол жөндеуде фрезерлік техника ұтымды қолдану арқылы мүмкін болып отыр.

–Бұл техника «Фриза виргент В-200» деп аталады. Қуаттылығы 600 аттың күшіне тең. Қазір асфальт жабынын сылып алудамыз. Таңертеңнен бері 4 жолақ жүріп өттім. Күн жылыда бұл техниканың қызметі оңай жүреді. Ауа райының қолайлы кезін пайдаланып қалуға тырысып жатырмыз,–дейді  машинист Сергей Миронов.  

Жол жөндеу жұмыстары облыс орталығының шеткері аймақтарын да қамтиды.   Биыл Ш.Уәлиханов, М.Әуезов көшелерінен кейін Станционный поселкесі, Көктем, Бірлік және Бейбітшілік шағын аудандарында жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде.