Аймақтар • 28 Сәуір, 2020

Маңғыстау: Жол картасын жүзеге асыруға 34 млрд теңге қарастырылған

312 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықты төтенше жағдай кезінде, сондай-ақ осы кезеңнен кейін жұмыспен қамтамасыз ету үшін Жұмыспен қамтудың жол картасы әзірленді және бекітілді. Қабылданған Жол картасының негізгі мақсаттары жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу, қосымша жұмыс орындарын құру және халықта табыстың болуын қамтамасыз ету, елді мекендердің инфрақұрылымдық дамуы үшін жағдайлар жасау.

Маңғыстау: Жол картасын жүзеге асыруға 34 млрд теңге қарастырылған

Жол картасын жүзеге асыруға Маңғыстау облысы үшін 34 млрд. теңге қарастырылған. Бұл туралы қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ә.Қыраубаев баяндады.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, барлығы 144 жоба іске асырылатын болады, олар 8 911 жаңа жұмыс орнын, оның ішінде 400-ден астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

- Жұмыспен қамтудың жол картасы келесі бағыттар бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды көздейді: - бірінші әлеуметтік-мәдени нысандар: барлығы 63 жоба, 2 829 жұмыс орнын құрумен, оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы осы жұмыс орындарына 1387 адам жұмысқа орналасады. Екінші бағыт - тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары: 37 жоба, 2 829 жұмыс орнын құрумен, оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы осы жұмыс орындарына  1 414 адам жұмысқа орналасады. Үшінші бағыт - Инженерлік-көліктік инфрақұрылым нысандары: барлығы 30 жоба, 1 382 жұмыс орнын құрумен, оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы осы жұмыс орындарына 792 адам жұмысқа орналасады. Ал елді мекендерді абаттандыру бойынша 13 жоба, 1 455 жұмыс орнын құрумен, соның ішінде жұмыспен қамту орталықтарынан 753 адам жұмысқа орналасады. Жол картасы шеңберіндегі жобаларға қатысу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгіну қажет. Жұмыспен қамту жол картасы аясында бүгінгі күні мердігерді анықтау бойынша тиісті конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Мердігерлердің басым бөлігі осы айдың соңына дейін анықталатын болады, деді Ә.Қыраубаев.

Бұл ретте, мердігерлермен шарттар жасасу кезінде жобаны іске асыру барысында қызметкерлердің кемінде 50% - ы жұмыспен қамту орталықтарынан тартылуы тиіс.Бұл ретте олардың жалақысы 150 мың теңгеден кем болмауы, тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің кемінде 90% жергілікті тауар өндірушілерден сатып алынуы сынды бірқатар принциптік талаптар қойылады.

- Барлық осы талаптар орындалуы тиіс. Жергілікті жерлердегі әкімдер мұны бақылайтын болады, деді ол.

 

 

 

Маңғыстау облысы