«Сізді елімізге сіңірген еңбегіңізбен құттықтаймыз және Қазақстан Үкіметінің шешімі бойынша тапанша табыс етеміз. Сіздің атыңыз республикамыздың тарихына лайықты жазылды», деді Е.Тұрғымбаев.
Талғат Мұсабаевқа мемлекет алдында сіңірген еңбегі үшін Үкіметтің қаулысы бойынша иір ойықты атыс қаруы табыс етілді.
Дәл бүгін, 28 сәуірде Талғат Мұсабаев осыдан 19 жыл бұрын "Союз ТМ-32" ғарыш кемесінің командирі ретінде үшінші мәрте ғарышқа ұшып, алғашқы ғарыш турисін орбитаға алып шыққан болатын. Ғарышқа ұшқан осы сапар ғарыш туризмінің дәуірін ашты. Талғат Мұсабаевтың экипажы "Союз ТМ-31" кемесімен жерге оралды. Бұл 21 ғасырдағы және үшінші мыңжылдықтағы Жер ғаламшарынан ғарышқа алғашқы ұшу болатын. Сондай-ақ биыл Т.Мұсабаевтың ғарышқа алғаш ұшқанына 25 жыл толды.