Экономика • 29 Сәуір, 2020

Диқандарға демеу астықты өлке үшін аса маңызды

573 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан бір ай бұрын жариялаған пандемия жағдайында азаматтар мен бизнеске қолдау көрсету туралы Үндеуінде ауыл шаруашылығын ерекше бөле-жара атап өтіп, көктемгі егіс науқанын ойдағыдай жүзеге асыру үшін бюджеттен 70 млрд теңге қаржы бөлінетінін айтқан.

Диқандарға демеу астықты өлке үшін аса маңызды

Төтенше жағдайда Тобыл өңіріндегі құнарлы топыраққа дән себу науқанына Үкімет 21 млрд теңге бөлді. Жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын қомақты қаражат көп кешікпей Аграрлық несие корпорациясы арқылы жақын-шалғайдағы  шаруалардың қолына  тие бастады. Президент сонымен қатар Үкіметке ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді  арзан дизель отынымен қамтамасыз етуді тапсырған. Диқандарға үлкен демеу болған үкіметтік жанармайдың құны нарықтағы бағадан 15% төмендетіліп, литріне 165 теңге болып бел­гі­ленген. Мемлекет дер уақы­тында және дәл сындарлы кезең­де қол ұшын созып, қолдау көрсетті.  Соның арқасында дән себу нау­қанын кешіктірмей, мерзі­мінде бастап кетуге мүмкіндік туды дейді қостанайлық диқандар.   

Қостанай облысында алдағы көктемгі егіс науқанында 5 млн 200 мың гектар жерге дән себу жоспарланып отыр. Алайда мұншама алқапты мемлекет қолдауынсыз игеру биыл аса қиынға соғатын еді. Өйткені былтыр астықты аймақта қатты құрғақшылық болды. Қуатты деген іргелі шаруашылықтардың өзі алқабы аптапқа ұрынып, қам­басы орталанып қалған. Доңыз жылы әсіресе Қамысты ауданына ауыр тиді. Бұл ауданның талай жыл тәжірибе жинақтаған кәнігі диқандарының өзі  құрғақшылыққа қарсы қауқар таныта алған жоқ. Сондықтан бұл өңірдегі диқандардың дені мем­лекеттің қолдауына мұқтаж еді.

– Мемлекет басшысы өте дұрыс әрі аса маңызды шара қабылдады. Биыл ең бірінші кезекте ауыл шаруашылығына қолдау қажет. Былтыр егін шық­пай қалды, биыл ел көлемінде төтенше жағдай жарияланды. Енді бұл мәселе оң шешім тапты деп ойлаймын. Мені Президенттің ірі шаруашылықтармен қатар, техникасы ескі, мүмкіндігі аз шағын шаруашылықтарға да ерекше көңіл бөліп, әсіресе арзандатылған жанармайдың қияндағы ұсақ шаруа қожалық­тарына дейін шығынсыз әрі бел­гіленген бағамен жетуін қада­ғалауды тиісті органдарға тапсырғаны қуантты.  Шағын шаруа­шылықтар дизель отыны мен тұқым жағынан жылда қина­лады. Қостанай алқабына дән себілсе, ел  ырыздықсыз қал­майды, – деді «Алтынсарин» се­рік­тестігінің директоры, Қазақ­стан­ның Еңбек Ері Борис Князев. 

Арзандатылған дизель оты­ны аймақтағы ең ірі індет ошағына айналған Жітіқара ау­данының диқандарына да жетті. Қазір бұл ауданда 40 адам­нан коронавирус індеті анық­талып, карантин режімі қатая түскеніне қарамастан, ди­қан­дардың көктемгі егіс нау­қанына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр.

– Аудан экономикасында ауыл шаруашылығы қашанда ерекше маңызға ие. Биыл аудан­дағы ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге 3 мың тонна арзандатылған дизель жа­нармайы бөлініп отыр. Қазір­гі қиын жағдайдың өзінде диқан­дарға «жасыл дәліз» қызметі көр­сетіліп жатыр. Тиісті құжат­та­ры дұрыс болса, олар тосқауыл бекеттерінен кезек­сіз өтеді. Барлық санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету жө­нінде шаруашылық басшыларына ескертілген. Диқандар ар­зан­датылған жанармайды жет­кілікті түрде еш кедергісіз жет­кізіп алды. Мұның сыртын­да көктемгі егіс науқанын ойда­ғыдай өткізу үшін «Кең дала» бағдарламасы бойынша 360 млн теңге қарастырылып отыр. Бұл қаржыны тұқымсыз қал­ған ұсақ шаруашылықтар алып жатыр, – деді аудан әкімі Абай Ыбыраев.

Қостанайлық диқандар биыл көктемгі алқап жұмыстарына ерте кірісіп кетті. Қазір шаруа­шы­лықтардың көбі топырақ ылғалын жабу жұмыстарын аяқтап қалды. Сәуірдің ортасына таман облыста жаппай көк­темгі егін науқаны баста­лады. Алайда облыстың оңтүс­тік аудандарындағы шаруа­шы­лықтар биыл жерге дән сіңіру жұмыстарын ерте бастамасақ болмайды деп отыр. Өйткені ылғал қалыңдығы 1 метр бол­ға­нымен, жер тез кеуіп барады. Сондықтан оңтүстіктегі ди­қандардың шамасы келгені сәуірдің соңы, мамырдың басында дән сеуіп үлгеруді көздейді. Дән дер кезінде себілсе, 30 күн мамыр жерде ылғал сақталады. Әрі қарай маусымда ең болмаса бір рет жаңбыр сеуіп өтсе, егін жақсы көтеріледі.

Былтыр жаздағы құрғақ­шы­лықтың кесепаты Науырзым ауданына да қатты тиді. Көптеген шаруашылықтың егіні күйіп кетті. Түк өнім ала алмаған ұсақ шаруашылықтың біразы биыл Үкіметтен жеткен арзан жанармайға қол жеткізіп, соның арқасында көктемгі алқап жұмыстарын уақытында бастап кетуге мүмкіндік алып отыр.

– Облыс карантинге жабы­­лып жат­қан күні Аманқарағайдағы мұнай сақтау базасынан 18 мың литр дизель отынын жеткізіп алдым. Әр литрі – 165 теңгеден. Арзан жанармайдың арқасында қазір 80% алқаптың ылғалын жауып алдық. Өлеңді ауылында қазірше екі-ақ шаруашылық алқапқа шықты. Қалғандарында не қаржы, не дизель отыны жоқ. Техникасы қаңтарылып, алқапқа шыға алмай тұр. Биыл біздің өңірдегі ұсақ шаруашылықтарға Үкімет қолдауы керек-ақ. Өз ба­сым былтыр «Сыбаға» бағдар­ламасы бойынша 80 бас асыл тұқымды ірі қара аламын деп ұрынып қалып отырмын. Өйт­кені кепілге қоятын жер-мүл­кім­нің бәрі соған тігілді. Ол кезде қатты қуаңшылық болады деп ойламаған едім. Енді биыл жоқ деп қарап отыруға болмайды. Арзан жанармайға қол жеткізіп, жұмысты бастап кеттік. Бірақ себетін тұқым жоқ. Іздестіріп жатырмыз. Ақмола облысы жақтан қарызға тұқым берейік, бірақ 100 тоннаны күзде 300 тонна етіп қайтарасың деген ұсыныстар түсіп жатыр. Не істерімді білмей отырмын, – деді Науырзым ауданындағы «Богдан» шаруа қожалығының иесі Дмитрий Исаев.

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы механизация бөлімінің жетекшісі Алмат Әбеновтың айтуынша, биыл облыстағы көктемгі егіс науқанына мемлекеттен 71 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Наурыз айында 20 мың, сәуірде 31 мың тонна, мамырда 20 мың тонна жанармай келуі тиіс деп жоспарланған екен. Бүгінге дейін мұнай өң­деу зауыттарына 47 мың тон­наның ақшасы төленіп, облысқа 32,2 мың тонна жанармай жет­кізіліпті. Арзандатылған жанар­майдың наурыз айындағы құны литріне 177 теңгеден бол­ған. Президенттің 31 наурыз­дағы үндеуінен кейін, сәуірде 165 теңгеге дейін арзан­дапты. Қазір осы бағада жіберіліп жатыр. Бұл – нарықтағы көтер­ме бағадан арзан. Облыс­тың ауылшаруашылық құры­лым­дары операторлармен 50,4 мың тонна дизель отынына ке­лісімшарт жасасып, 30 мың тон­наның ақшасын төлеп қойыпты. Шаруашылықтар қазіргі таңға дейін мұнай базаларынан 18 мың тонна арзан жанармай жеткізіп алған.

 

Қостанай облысы