Саясат • 29 Сәуір, 2020

Сараланған салмақты сөз

226 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасымыз Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында ел көлеміндегі төтенше жағдай кезінде атқарылып жатқан қыруар жұмыстар сараланды.

Сараланған салмақты сөз

Барша жұртшылық болып асыға күткен Мемлекет бас­шысының бүгінгі мәлімдемесін оқи отырып, осындай күрделі кезеңді ойдағыдай еңсерудегі жан-жақты зерделенген, батыл қадамдардың «көз көріп, қол ұстаған» әрбір нақты нәтижесі үшін кеудеңді зор мақтаныш сезімі кернейді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы­ның сараланған салмақты сө­зін Ұлттық музей ұжымы әрі қуа­нышпен, әрі ыстық ықы­ласты қолдаумен қабылдады.

Бірден айту керек, мемлекетке деген ел сеніміне еш селкеу түсіп көрген емес, қайта қалың қауым болып карантинге байланысты қойылған әрбір талапты жоғары жауапкершілікпен орындап келеді.

Ежелден келе жатқан: «Апат айтып келмейді», деген сөз бар.Күллі әлемді дүрбелеңге сал­ған індет, өкінішке қарай, мұны тағы бір дәлелдеп берді.

Дегенмен «қамданған қапы қалмайды» дегенге сүйенсек, тәжді тажал әлегі Тәуелсіз Қазақ­станымыздың берік іргесін шайқалта алмады.

Қаншама ауыр соқса да – еге­мендіктің алғашқы жылдары­нан бергі нық қалыптасқан ел басқару дағдысы, әлемді таңғалдырған жан-жақты жетістіктеріміз, бұл екеуіне – халқымыздың темірдей тәртіпке бағынған асыл қасиеті қосылып: кесірлі кеселдің зардабы кең көлемде тамыр жая алмады.

Төтенше жағдай кезінде Пре­зидент бастамасымен іске қосыл­ған қолдаудың екі пакеті нәти­жесінде көптеген азаматтар нақты жәрдемге қол жеткізді.

Президент айтқан: «Қоғам­ның әрбір мүшесі мемлекеттік қамқорлықтан тыс қалмайды», деген уәдеге күні бүгін қаржылай көмекке ие болған 4 миллион 250 мың адамның әрқайсысы куәгер бола алады.

Мұның сыртында кең байтақ еліміз бойынша қаншама ауқымды қайырымдылық шара атқарылып жатыр.

Қадери-халімізше біз де аянып қалмаймыз.

Шұғылалы шуаққа маң­дай­ыңды тосып, кең көшеде емін-еркін адымдайтын күнге көп қалған жоқ.

Біздің бәріміздің біріккен күресіміз сол күнді жақындата түседі.

 

Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ,

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры