Экономика • 29 Сәуір, 2020

Әлемдік астық қорының көлемі қанша?

776 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нью-Йорк университеті жанындағы халықаралық әріптестік орталығы бидай мен күріш нарығы биыл құбылмалы болады деп болжады. Ал сарапшылар   бір тонна тай күрішінің биржадағы бағасы 420 доллардан  $560 дейін қымбаттауы мүмкін екенін айтып отыр.  

Әлемдік астық қорының көлемі қанша?

Бұл ретте коронавирустың таралуына байланысты жарияланған әлемдік карантин кезінде әр ел өзінше шешім шығарып жатыр. Мәселен, Ресей бидайды сыртқа сатуға квота енгізбекші. Ал күріш нарығына Қытай шешімінің ықпалы үлкен. Бұл ел күрішті көп тұтынатындықтан, стратегиялық азық-түлік қорын құруды қолға алған. Ал әлемдегі ең ірі күріш өндіруші үш елдің бірі – Вьетнам бұл дақылды сыртқа сатуға тиым салды. 

БҰҰ Ауыл шаруашылық ұйымының «Әлемдік азық-түлік нарығындағы ахуал» деген баяндамасына сүйенсек, дүние жүзінде азық-түлік қоры жеткілікті,  ұйымның биылғы жиын-терімге қатысты болжамы да жағымды. 2 сәуір күні жаңартылған баяндама әлемде 277,2 млн тонна бидай қоры бар екенін айтады. Биыл 761,2 млн тонна бидай тұтынып, 763,3 млн тонна өндіріледі деген болжам жасалған. 

Ал күрішке келер болсақ, ақмаржанның әлемдік қоры 182,2 млн тоннаны құраса, адамзат 513 млн тонна тұтынып, 512 млн тонна өндіруі мүмкін. Жалпы алғанда, әлемдік астық нарығы теңдестірілген.

FAO болжамына сәйкес, биыл 2 721,5 млн тонна өнім өндіріліп, тұтыну көлемі  2 721,5 млн тоннаны құрайды. Ал астық қоры – 865,7 млн тонна. 

Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің деректері бойынша, еліміз 2019 жылы 144,2 мың тонна күріш шығарған. Ал тұтыну көлемі 75,8 мың  тоннаны құраған. 1 наурыздағы жағдай бойынша, елімізде жалпы күріш қоры 219,6 мың тоннаны құраған, оның ішінде азық-түлік сорты – 195,4 мың тонна. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2020 жылы күріш егісінің көлемі өзгермейтінін, ол биыл 102 мың гектарды құрайтынын хабарлады.

Бидайға келер болса, елдегі бидай қоры 7,1 млн тоннаны құрайды. Соның ішінде азық-түлік бағыттағы бидай көлемі – 5,5 млн тонна. 2019 жылы Қазақстан 3 млн тонна ұн шығарып, оның 1,5 млн тоннасы ішкі нарықта сатылған. 2020 жылы Қазақстан 11,5 млн тоннадан аса бидай жинауы мүмкін. Бұл – АҚШ ауыл шаруашылық министрлігінің болжамы. 5,2 млн тонна бидай мен ұн сыртқы нарыққа сатылуы ықтимал. 

Астық одағы биыл Қазақстан 6 млн тонна астық экспорттайды деп болжап отыр. Бұл ретте салалық одақ құрамындағылар экспорттағы сатылым көлемі жылдан-жылға азайып келе жатқанын мойындайды. Оның басты себебі – отандық өндірушілер жоғары сапалы өнім бере алмай отыр. 2020 жылдың 1 наурызындағы ақпаратқа сәйкес Қазақстанда 9,2 миллион тонна астық бар, оның ішінде азық-түлік – 6,4 миллион тонна.

Қазақстанда төтенше жағдай кезінде бидай экспортына шектеу енгізіледі, деп хабарлады ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.  

- Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы министрлігі ұн экспорттау бойынша тыйымды алып тастап, оның орнына ұнды республикадан тыс жерге шығаруға шектеу қояды, - делінген хабарламада.   Осыған орай, енді бидай мен ұн экспорты министрлік белгілеген ай сайынғы квота шеңберінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, АШМ баспасөз қызметі республикада қанша астық қоры бар екенін жариялады.

Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметінше, 2020 жылдың 1 наурызындағы ақпаратқа сәйкес Қазақстанда 9,2 миллион тонна астық бар, оның ішінде азық-түлік – 6,4 миллион тонна, тұқымдық – 1,5 миллион тонна, жемдік – 1,3 миллион тонна.