18 Қыркүйек, 2013

Алматы – ару да арман қала

846 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қоңыр күзде тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланып тұрғындарына ерекше көңіл-күй, әсем ән, шат-шадыман думан сыйлайтын күнгейдегі бас шаһар – Алматының өз төл мерекесі – қала күні жыл сайын үлкен махаббатпен аталып өтіледі. Биыл да солай болды. Бірақ, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биылғы дәстүрлі мереке тіптен ерекше жағдайда тойланып, ерекше тартулар жасалды.

Қоңыр күзде тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланып тұрғындарына ерекше көңіл-күй, әсем ән, шат-шадыман думан сыйлайтын күнгейдегі бас шаһар – Алматының өз төл мерекесі – қала күні жыл сайын үлкен махаббатпен аталып өтіледі. Биыл да солай болды. Бірақ, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биылғы дәстүрлі мереке тіптен ерекше жағдайда тойланып, ерекше тартулар жасалды.

Әрине, бұл айтулы күнге шаһар билігі ертерек қамданды. Бір ай бойы қала жұртшылығы ару Алматыны әнге бөлеп, жырға қосып, тіпті қылқалам шеберлері өз суреттерін арнады. «Арт бат Фест» өнер фестивалі төртінші рет шымылдығын түріп, шарада отандық, сондай-ақ, Франция, Италия, Германия, Швеция, Ресей сынды елдерден келген қылқалам шеберлерінің, суретшілердің туындылары көрермен назарына ұсынылды. «Алматы – іңкәрім менің» ретро фестивалінде шетелден келген жұлдыздардың өнерін тамашалауға мүмкіндік туды.

Қала тұрғындары мен қонақтары Алматы туралы жаңа әндерді тек «Алматым – жүрегімде» байқауында тыңдай алды. Думанды кеш 13 қыркүйек күні кешкісін Республика сарайының алдындағы Абай алаңында өтті. Ән додасында 13 орындаушы бақтарын сынады. Биыл бесінші рет өткізіліп отырған ән фестивалінде қала әкімі Ахметжан Есімов сөз сөй­леп, байқаудың жоғары деңгейде өт­кенін, қазылар алқасы мен байқауға қатысушылардың барлығы – креативті жастар екенін, «егер менен қай ән сізге қатты ұнады десе, барлығы дер едім» – деп, өнерлі жастарға шығармашылық табыс тілеп, Гран-приді жеңіп алған Айкүміс Бөлегенге автокөліктің кілтін тапсырды. Бірінші орынды Диана Шарапова, 2-орынды Салтанат Бакаева, 3-орынды Анель Аринова иеленді.

Қала күніне арналған ең ау­қымды шаралар демалыс күндері өтті. Сенбі күні «Тұңғыш президент саябағында» «Эппл Фест» алма фестивалі өтіп, бұл шарада шаруа қожалықтары 50 тоннадан аса өнімдерін ұсынды. Сондай-ақ, екінші халықаралық цирк фес­тивалі ұйымдастырылып, оған әлемнің 20 қаласынан келген әртістер қатысты. Шара 22-ші қыркүйекке дейін жалғаспақ. Ал мерекенің басты тартуы – «Астана» алаңында бұрын-соңды болмаған «Аңыз» мультимедиалық және пиротехникалық шоу – 3D форматты Mapping Show жарық фестивалі еді. Сағат кешкі сегізден бастап Алматы аспаны сан түрлі түске көмкеріліп, қала ажарын аша түсті.

– Мерекелік ғаламат отшашуды ұйымдастыру үшін Голландия мен Болгариядан мамандарды шақырдық, – деді бұл шараны ұйымдастырушы Андрей Сизиков. – Анимациялық шоуды көрсету үшін 5 мыңнан аса пиротехникалық отшашу қолданылып, Алматы көгін өрнектеу шарасы екі сағатқа созылды.

Алматы – тәуелсіздіктің бе­сігі, егемендігіміздің буынын бе­кіт­кен қала. Алматы – еліміздің ірі өндірістік және қаржы орта­лы­ғы, өнердің төрі. Алматы – ірі ғылым, мәдениет және білім орталығы. Алматының табиғат сұлулығына тамсанбайтындар кемде кем. Елімізге айрықша айбар беретін, мақтан тұтатын басты құндылықтар да осы ару қалада орналасқан. Қазіргі таңда қалада 2 миллионға жуық халық тұрады, күн сайын 175 мың оқушы мектепке барып, 230 мыңнан астам студент жоғары оқу орындарында білім алады. Соңғы жылдары мегаполис тұрғындары мен қала қонақтарының спорттық шараға, саламатты өмір сүруде белсенділіктері арта түсуде. Оған дәлел, қала күніне арналған вело­жүгіруге Алматыда 4000-нан ас­там адам қатысуы.

– Веложүгіруде бүгінгідей адам­дар бұрын-соңды болған емес. Бұл алматылықтардың сала­матты өмір салтына шындап ден қойғандығын білдіреді, – деді жеңімпаздарға ескерткіш сыйлықтар табыс еткен қала әкімі Ахметжан Есімов.

Ал, кешкісін дүбірлі думан Орталық стадионда жал­ғас­ты. Мұнда отандық эстрада жұл­дыз­дары – «ЕМА 2013» музыкалық бай­қауының жеңімпаздарына арнайы мүсіншелер табысталды.

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Суретті түсірген

Берсінбек СӘРСЕНОВ.

Соңғы жаңалықтар