Мысалы, бүгіннен бастап көп қабатты үйлердің тұрғындарына аулаға серуендеуге, ал балаларға ересектермен бірге ойын алаңдарына шығуға рұқсат етілді. Бұл ретте бетперде тағып, кемінде 1,5 метр қашықтықты сақтау керек. Балалар алаңында сағат 06:00-ден 18:00-ге дейін ойнауға болады. Облыс орталығында тоқтап қалған қоғамдық көліктер таңертең сағат 06: 00-ден 09:00-ге дейін, кешке сағат 18: 00-ден 20:00-ге дейін жүре бастайды. Азық-түлік дүкендерінің жұмыс режімі 20:00-ге дейін ұзартылды. Ал дәмханаларға тағамдарды жеткізу қызметі бойынша 22:00 дейін тапсырыс беруге болады.
Демалыс және мереке күндері сағат 06: 00-ден 18: 00-ге дейін саяжайға баруға рұқсат берілді. Өзімен бірге жеке басын куәландыратын және саяжай учаскесіне меншік құқығын растайтын құжаттар болу керек. Көшеттер мен егуге арналған тұқымдарды қала және аудан әкімдіктері белгілеген жерлерден сатып алуға болады.
Карантиндік режімді кезең-кезеңмен жеңілдету бірінші кезекте өнеркәсіпке, шағын және орта бизнеске, құрылысқа, ТКШ мен көлікке қатысты болды.
Бүгіннен бастап сақтандыру және нотарильдық кеңселер, жеке медициналық қызметтер, оптика дүкендері, ТЖО, автожуу, вулканизация, шаштараз, аяқ киім шеберханалары жұмыс істей бастайды. Электроника және тұрмыстық техника саудасы тұтынушыға дейін жеткізу қағидаты бойынша жүргізіледі.
Ал 4 мамырдан басталатын екінші кезеңде автобөлшектер, құрылыс материалдары және сантехника сататын, ауданы 500 шаршыметрден асатын сауда нүктелері, автосалондар, баспахана қызметтері, өртке қарсы және күзет құрылғыларына сервистік қызмет көрсету, тігін шеберханалары іске қосылады.
Қызметті қайта бастауға рұқсат етілетін нысандар басшылары санитарлық-дезинфекциялық режімді күшейте отырып, эпидемияға қарсы шаралардың сақталуын қамтамасыз етуі тиіс.