Аймақтар • 29 Сәуір, 2020

Батыс Қазақстан: Бөрлі ауданындағы 400-ге жуық отбасы азық-түлікпен қамтылды

145 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқанов аудан тұрғындарын 11 мамырға дейін төтенше жағдай режимінің талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Сондай-ақ мұқтаж жандарға көрсетіліп жатқан іс-шараларды баяндады. 

Батыс Қазақстан: Бөрлі ауданындағы 400-ге жуық отбасы  азық-түлікпен қамтылды

«Құрметті бөрліліктер!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арналған өз мәлімдемесінде Төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін ұзартылғандығын және аталған жағдайға байланысты мемлекет тарапынан қолдаулар, көмектер әлі де жалғасатынын атап өтті. Сондықтан, жерлестерімді 11 мамырға дейін төтенше жағдай режимінің талаптарын қатаң сақтауға шақырамын. Өйткені, бұл адам денсаулығына өте қауіпті індет, мұны бүкіл әлем мойындап отыр.

Қазіргі күрделі кезеңде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер мен қолдауларға бөрліліктер де ие болуда. Табысынан айырылған азаматтардың өтініштері бойынша 11 мыңнан аса жерлестерімізге 42500 теңге көлемінде көмек көрсетілді. Коммуналдық қызмет үшін төленетін 15000 теңге көлеміндегі төлем алуға арнайы құрылған call-орталыққа 1000-ға жуық өтініш түсіп отыр. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай, барлық соғыс және тыл ардагерлеріне төлемдер уақытылы төленді.

Қиналғандарға қол ұшын созған волонтерлердің және жеке кәсіпкерлердің көмегімен 400-ге жуық мұқтаж отбасыларға азық-түлікпен, басқа да қажетті заттармен (отын, тұрмыстық, шаруашылық заттар) көмектер көрсетілді.

Мемлекет басшысы төтенше жағдайлар кезінде көктемгі егіс науқанына ешқандай кедергі болмауын міндеттеген болатын. Бұл мәселе де өз шешімін тауып, 41 шаруа қожалықтары егіс даласында жұмыстарына кірісті.

Жұмысшыларды қысқартпау және еңбекақы көлемін азайтпау мақсатында әрі ел экономикасы үшін маңызды Қарашығанақ кен орнындағы компаниялар барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, жұмыстарын жалғастыруда.

Алдағы уақыттағы біздің міндетіміз – қауіпсіздік шараларын сақтап, індеттің жаңа ошақтарының пайда болуына жол бермеу. Ол үшін мемлекеттік органдар, медицина, құқық қорғау, шекара бекітінің қызметкерлері барынша қызмет етіп, шекарадан өткен, өзге өңірлерден келген немесе қандай да бір ауру белгісі байқалған азаматтарды қатаң бақылауға алып, тиісті шаралар қабылдауда. Біздің тұрғындарымыз да, соның ішінде Атырау өңіріндегі кен орындарынан жұмыстан келген жерлестеріміз вирусқа жеңіл-желпі қарамай, карантин талаптарын қатаң сақтап, жауапкершілікті сезінсе екен деймін.

«Мен үшін әр азаматтың өмірінен қымбат ештеңе жоқ», - деген Мемлекет басшысының сөзін тағы да қайталағым келеді. Бұл қиындықты да жеңеміз, ең бастысы – бірлігіміз бекем болсын!

Ел басына күн туғанда қауіп-қатерге қарамай, алдыңғы қатарда қызмет көрсетіп жүрген дәрігерлерімізге, полиция қызметкерлеріне, шекарашыларымызға, қаланың тазалығы мен залалсыздандыру жұмыстарын жүргізген мамандарымызға, өз қауіпсіздігін ойламай, мұқтаж жандарға қол ұшын созған волонтерлеріміз бен жомарт жандарға, барлық ақпаратты тұрғындарға дер кезінде әрі шынайы жеткізіп отырған жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне және төтенше жағдай режимінде қабылданған нақты шараларды мерзімінде әрі аса жауапкершілікпен жүзеге асырған әріптестеріме, түсіністік танытып, талаптарды орындап, қолдау білдірген барша тұрғындарымызға алғысымды білдіремін. Аспанымыз ашық, еліміз, жұртымыз аман болсын»,- деп жазды ол Facebook парақшасында.

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51