Аймақтар • 29 Сәуір, 2020

Қарағанды облысы: Мәселесі шешілмеген бір де бір адам далада қалмайды

356 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының әкімдігінде zoom платформасында өткен онлайн-кездесудегі әңгіме ел Президентінің тапсырмасы бойынша қазақстандықтардың төтенше жағдай кезеңінде алатын әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары төңірегінде өрбіді.

Қарағанды облысы: Мәселесі шешілмеген бір де бір адам далада қалмайды

Облыстағы қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, басқарма басшылары, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғаумен айналысатын қоғам өкілдері байланыста болған бұл жиынды облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов жүргізіп отырды.

Жалпы, бүгінгі күнде Қарағанды облысында 67 мыңнан астам мүгедек жан тұрады екен. Облыс әкімінің орынбасары осы санатқа жататын тұрғындарды әлеуметтік қолдауға жергілікті бюджеттен 1,1 миллиард теңге бөлінгенін мәлім етті. Яғни, бұл саладағы қаржылай қол ұшын беру былтырғы жылмен салыстырғанда 20%-ға  артқан.

–Мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемаларын жете білу үшін өздеріңізбен жиі кезедесетін боламыз. Бұл мәселелердің шешімін біз бірігіп табуымыз керек. Төтенше жағдай режиміне байланысты мемлекет қолдауына қатысты көптеген мәселелер туындады. Біз мәселесі шешілмеген бір де бір адамды далада қалдырмаймыз, – деді Абзал Нүкенов.

Сәуір айының өзінде 70 мыңнан астам тұрғынға азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар түріндегі көмекке қаежтті қаражат аударылған екен. «Осы аптаның соңына дейін көмек алуға тиісті адамдардың жеке шоттарына барлық төлемдер түсуі тиіс», деп атап өтті Абзал Нүкенов.

Бұған қоса, облыста 100 мыңнан астам адам карантин кезінде коммуналдық қызмет шығындарын өтеу тізіміне енгізілген. Олардың қатарында І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектер мен мүгедек балаларды асырап отырған отбасылар да бар.

Сонымен қатар Абзал Нүкенов бүгінгі күнде Қарағанды облысының 250 мың тұрғыны 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем алғанын мәлім етті. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да бар.

Онлайн-кедесу барысында инватакси, карантин кезіндегі ымдау тілі мамандарының қызметтері бойынша да сұрақтар қойылды. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселелер бойынша да тиісті шаралар қабылданатынын айтты.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға өте қажет құрал – мүгедектер арбасы туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова айтып берді. Бүгінде бұл құралдарды сатып алуға конкурс өткен екен. Енді арбашаларды жеткізу алдымыздағы маусым айынан басталады. Техникалық және тифлоқұралдар мамыр-маусым айларында түсетін көрінеді.

 

 

Қарағанды облысы