Қазір қала көшелері, көп қабатты тұрғын үй кіреберістері мен Қазпошта, банктердің халыққа қызмет көрсету орындары, Әуелбеков, Абай, Шақшақ Жәнібек көшелері күнделікті дезинфекциялаудан өтіп тұрады. Дезинфекция форбицид сұйық ерітіндісін қолдана отырып, арнайы құрылғы көмегімен жасалады.
Қалада 9 адам карантиндік бөлімшеде жатыр. Олардың біреуі Ресейден келген, 8-і науқаспен байланыста болғандар.
Арқалық өңірлік ауруханасының провизорлық бөлімшесінде суық тиіп, тұмауратып қалған 2 адам жатыр. 95 адамнан қолхат алынып, өз үйлеріне оқшауланған. Олар полиция қызметкерлерінің бақылауында.
Қазір қала аумағында үш тосқауыл бекеті қойылған. Бұл бекеттерде 137 полиция қызметкері екі ауысымды режімде қызмет атқарып жатыр.
Қалада қоғамдық көлік пен такси мүлдем жүрмейді. Тек қызметтік, коммуналдық қызметтерге, ірі кәсіпорындарға тиесілі 386 автокөлікке, 159 кәсіпкер көлігіне, 318 ауылшаруашылық техникасына, сондай-ақ 105 тұлғаға рұқсат етілген.
Бүгінге дейін рейдтік іс-шаралар барысында 61 әкімшілік құқық бұзушылық (төтенше жағдай режимін бұзу) анықталды. 24 тұрғынға айыппұл салынып, 9 адам қамау түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бірінші кезекте қажетті азық-түлік алу үшін аз қамтылғандар қатарынан 1000 адамнан тұратын тізім жасалды. Қала кәсіпкерлері үй карантиніндегі 9 отбасын тегін азық-түлікпен қамтамасыз етеді.
Арқалық қаласының волонтерлік тобы да біраз шаруа тындырып жатыр. Еріктілер жалғыз басты және қарт адамдарға көмек көрсетуде, банк және Қазпошта бөлімшелері клиенттерінің санитарлық қауіпсіздік талаптарын сақтауын ұйымдастыру жұмыстарына қатысуда.
Тұрғындар қала тынысы туралы жергілікті теледидар эфирі мен әлеуметтік желілер арқылы күнделікті хабар алып отыр.
Өңірлік жедел штабтың мәліметінше, қала аумағындағы халыққа бірінші кезекте қажет тауарлар бағасы бақылауда. Азық-түлік тапшылығы жоқ. Жағдай тұрақты.
Қостанай облысы