Аймақтар • 29 Сәуір, 2020

Ауылдағы «Асар» жалғызбасты анаға баспана сыйлады

189 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Жалпақтал ауылында тұратын жалғызбасты ана Гүлшат Нұғманова «Асар» қайырымдылық эстафетасының нәтижесінде баспаналы болды. Бұл жөнінде осы бастамаға мұрындық болған қазталовтық әріптесіміз Жұлдыз Асқарова хабарлады.

Ауылдағы «Асар» жалғызбасты анаға баспана сыйлады

Жаздың аптап ыстығында, қыстың сықырлаған аязында қуықтай үйді паналап жүрген жалпақталдық Гүлшат Нұғманованың жағдайын көрген жергілікті журналистер осыдан екі ай бұрын «Асар» қайырымдылық эстафетасын бастаған еді. Жалғызбасты анаға көмек қолын созған қайырымды жандар аз болған жоқ. «Харекет» қайырымдылық қоры да тыс қалмай, 700 мың теңге аударды. Осылайша қасиетті Рамазан айында қос мүгедек ұлын бағып отырған жалғызбасты ана 3 бөлмелі үйге қол жеткізді.

- Біз Гүлшат апайға алдын ала ештеңе айтпаған едік. Тосынсый болды. Ана мен балаларының қуанышында шек жоқ. Бұрын қабырғасы құлаған, шағын құжыраны паналап отырған отбасы жайнаған жаңа үйге кіргенде көз жасына ие бола алмады, - дейді Жұлдыз.

Асар қайырымдылық эстафетасына барлығы 1 314 707 теңге түскен екен. Бұл қаржыға үймен қатар, су жаңа газ плитасы, тоңазытқыш, асүй жиһазы, кілем, теледидар, киім ілетін шкаф алынған. Қайырымдылық шарасына Жалпақтал ауылының 1990, 1991, 1992, 1996 жылы туған азаматтарының үлесі зор болыпты. Осы бастамаға мұрындық болған Қазталов аудандық газетінің редакторы Қайрат Жақып «Харекет» қайырымдылық қорының облыстағы өкілі Демежан Меңдешовке алғысхат табыс етті. Баспаналы болған Гүлшат апай өзіне жәрдем берген барша азаматтарға алғыс айтты.

 1

Батыс Қазақстан