Аймақтар • 29 Сәуір, 2020

Ақмолада еңбекті қорғау саласында 200 заң бұзушылық анықталды

119 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері Ақмола облысында еңбек қауіпсіздігін сақтамаудың 200 дерегі тіркелген. Оның басым көпшілігі кәсіпорындардың еңбекақыны уақытылы төлемеуіне байланысты.

Ақмолада еңбекті қорғау саласында 200 заң бұзушылық анықталды

Аймақтағы 7 кәсіпорынның жұмысшыларына қарызы 109 млн теңгеден асады. Барлық дерек бойынша еңбек инспекциясы тексеру жұмыстарын жүргізіп, қажетінше ұйғарым шығарған. Бұдан бөлек, өңірде еңбек қауіпсіздігін сақтамау салдарынан қайғылы оқиғалар мен адам өлімі де өршіп тұр.   

 –Жыл басынан бері облыста 16 қайғылы жағдай тіркелді. Оның үшеуі адам өлімімен аяқталды. Біреуінде бірнеше адам зардап шекті. Таяуда Ақсу кентіндегі фабрика құрылысында да оқыс оқиға орын алды. Кран бағанасы үзіліп адамдар жүрген нысанға барып соғылған. Бір жұмысшы оқиға орнында көз жұмды. Ал екіншісі ауыр жарақат алды, дейді   облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Дүйсенбек  Баймүсенов.

Облыс бойынша 901 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігін сақтау жөнінде өндірістік кеңестер құрылған. Бұл шара ең алдымен жұмыс орнындағы заң бұзушылықтың алдын алып, қарапайым еңбек адамының еңбегін қорғауға бағытталған.    

Ақмола облысы.