Енді Петрпавлдан РФ аумағына өтеміз деп отырғанда мұнда карантин режімі басталып, ешкім шықпайтын болып қалған. Сөйтіп, молдовалықтардың үлкен отбасы Қызылжар аумағында қала берген.
Оларға алғашқы болып облыстық Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері көмек қолын созған. Олар мәжбүрлі қонақтарды тұрғын үймен қамтамасыз етіп қана қоймай, қажетті заттарын, соның ішінде гигиеналық заттар, балаларға памперске дейін жеткізіп берген. Азық-түлікпен қамтамасыз етулері де тұрақты болып тұрған. Мұндай қамқорлық көреміз деп ойламаған молдовалықтар қазақстандықтарға шексіз ризалықтарын білдіруде. «Қазақстан халқы өте қонақжай екен. Қолымызда кішкентай балаларымыз бар. Олар соны көріп алғашқы күннен-ақ осындай қиын сәтте бізге құлшына көмектесті. Баспана мәселесін шешіп берді. Керекті заттарымызды жеткізіп беруде. Біз өте ризамыз. Рахмет!», - дейді Молдова Республикасының 38 жастағы азаматы Артур Шербан.
Қазір облыста карантин режімі жұмсартылуда. Молдовалықтардың өз еліне қарай сапарға шығатын күндері де алыс емес. Сол күнді тағатсыздана күткен жандар қазақстандықтардың жомарт мінездеріне де күннен күнге тәнті болуда.
Жалпы, Көші-қон қызметі басқармасының ақпаратына қарағанда карантин күндері Солтүстік Қазақстан облысы аумағында 5500-ден астам шетелдік азамат кете алмай қалып қойған. Бірақ олардың мұнда туған-туыстары мен таныстары көп. Өздері де бұрын Солтүстік Қазақстанда тұрған Ресей Федерациясының азаматтары. Сондықтан олар ешкімнің қамқорлығын керек қылмайды.
Солтүстік Қазақстан облысы