Қоғам • 30 Сәуір, 2020

Барымтаға түскен балық

3585 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тауықтың түсіне тары кіретін болса, браконьердің мазасын бағалы бекіре тұқымдас балықтардың бел кеспесі қашырып, ұйықтатпайтыны даусыз. Өйткені браконьерлер бұл бағалы балықтардың жон етін бір пұлдаса, бірнеше еселеп түсетін көлденең табысы жемсауын бүлкілдететін қара уылдырығы тағы бар.

Барымтаға түскен балық

Рас, құқық қорғау органдары бірнеше жылдан бері браконьерлерге қарсы күрес жүргізіп келеді. Жыл сайын көктемде заңсыз балық аулайтын браконьерлікке қарсы «Бекіре» кең көлемді акциясы өткізіледі. Бірақ мұнымен браконьерліктің тыйылар түрі көрінбейді. Бағалы бекіре балықтарын баудай түсіріп, талан-таражға салған браконьерлік Жайық-Каспий су бассейнінде әлі де белең алып тұр. Тұйық су қоймасы саналатын теңіздің қазақстандық бөлігінен ілуде біреуі болмаса, қазақстандық браконьерлер әлі күнге топ-тобымен ұсталған емес. Кезінде браконьерлікпен айналысатын Жанбай ауылының тұрғындары құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен жаға жыртысып, тіпті айдын үстінде адасып кеткенін білетін едік.

Неге екені белгісіз, теңіздің Қазақ­стан­дағы бөлігіне Каспий маңындағы елдерден браконерлердің емін-еркін кіру тоқ­тамай тұр. Бұған бір деректі көлденең тартар болсақ, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Ше­кара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті биылғы 11 сәуірде «Бекіре» кең көлемді акциясы шең­берінде Каспий теңізінің су айдынында заңсыз балық аулап жүрген Әзербайжан Республикасының азаматтарын ұстады. Оларды тексеру іс-қимылдары барысында ұсталған тұлғалардан балық аулауға арналған құрал-жабдықтар, сондай-ақ Ф-1 қол гранатасы тәркіленді.

1

Ал облыстық полиция депар­та­мен­тінің қызметкерлері Атырау қаласының іргесіндегі Жұмыскер ауылының тұрғынынан төрт қапқа салынған бекіре балығын тәркіледі. Бағалы бекіре тұқымдас балықтың салмағы – 126 кило. Бұдан кейін қаладағы жеке үйлердің бірінің сарайынан жалпы салмағы 180 кило болатын бекіре тұқымдас бағалы балықтың 60 данасын тәркілеуге алды. Сол жерде «Нива» автокөлігінен 10 килодан астам бекіре балығы табылды. Тіпті, тапа тал түсте төрт жігіттің инспекторларға қарсылық танытып, мотоциклін өртеп кеткеніне не дерсің?

Мұның бәрі биыл тіркелген деректер десек те, браконьерлікке қатысты шулы оқиғалар ұмытылған жоқ. Мәселен, бұдан он шақты жыл бұрын Әзербайжан елінің 18 азаматы бар 2 жүзу кемесі Қазақстан аумағынан ұсталған еді. Сол кезде қолға түскен қос кемеден 2,2 тонна бекіре тұқымдас балық, 106 жәшікке салынған «коллада» ау құралдары тәркіленген болатын. Бұдан табиғат байлығына келтірілген зиян 14,3 миллион теңге екені айтылған болатын.

Әрине мұндай фактілердің бә­рі­не қылмыстық іс қозғалады. Бірақ мәселе қылмыстық іс қоз­ғаумен біте ме? Біздіңше, бір­не­ше мәселеге терең бойлау қажет секілді. Біріншіден, күрес кү­шей­ген сайын браконьерліктің үдей түсетіні несі? Екіншіден, Каспий теңізінің қазақстандық секторына өзге елдің браконьер­лері неге кіре береді? Бұған жыл аралатып болса да, дағыс­тан­дық, не әзербайжандық бра­коньер­­лер­дің Қазақстанның құқық қор­ғау органдарына ұс­­талуы дәлел бола алады. Өзге елдің бра­коньерлері сер­уен­деп, не бағы­тынан жа­ңы­­лып келмейтіні әлім­сақ­тан белгілі жайт. Олардың кө­ке­йін теңіздің қазақстандық секторындағы бағалы бекіре тұ­қымдас балықтар тесіп тұр. Сөйтіп олар біздің еліміздің су айдынындағы шекарасын заңсыз кесіп өтіп, бекірені баудай түсіріп жүр. Өйткені әлем­дік нарықта бекіреден алынатын қара уылдырықтың бәсі аспандап, қосымша табыс түсіретін кө­леңкелі бизнеске айналғалы қа­шан?

Осылайша, ой қорытар бол­сақ, Каспийдің қазақстандық бө­лі­гіндегі браконьерлікті ха­лық­­аралық сипат алды демеске амал жоқ. Бұған талайдың заң­сыз табыс көзі болған жеңсік астың қымбатқа бағаланатыны себеп екені дау­сыз. Демек, бра­конь­ерлік бұғауланбай, Каспий бекі­ресі талан-таражға түсе берсе, бекіре тұқымдас бағалы ба­лық­тар қорын құртып алуымыз ғажап емес.

Өйткені қойын кітап­ша­мыз­­дағы дерекке сүйенсек, өт­кен ғасырдың 70-жылдарымен са­лыс­тырғанда, осыдан он жыл бұрын бекіре тұқымдас ба­лық­тар қоры 9 есеге азайыпты. Ал қорытпаның өнеркәсіптік қоры 2005 жылы 326 тоннаны құра­ға­нымен, бес жылдан кейін баға­лы балықтың бұл түрі 5 есеге азай­ға­ны анықталған. Содан бері жыл сайын браконьердің ба­рымтасына түскен бекіре тұ­қым­дас бағалы балықтың қоры тағы қан­ша­ға азайды екен?

Рас, Каспий бекіресінің қо­рын молайту үшін Атырауда ша­бақ өсіретін екі зауыт жұмыс істей­тінін жоққа шығаруға болмайды. Мұндағы тоғандарда бекіре тұ­қым­дас бағалы ба­лық­тар ша­ба­­ғы өсіріліп, жыл са­йын 7 млн данасы табиғи ортаға жіберіледі. Жақында «Жайық-Атырау» бекіре шабағын өсіру за­уы­ты­ның мамандары бекі­ре­ден жасанды жолмен 22 кг қара уыл­дырық алды. Орман шаруа­шы­лығы және жануарлар дүние­сі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметтің мәлі­метінше, қара уылдырық алын­ған бекіренің салмағы –148 кг. Оны балықшылар 1 наурызда Жайық өзенінен аулаған.

– Жасанды жолмен алынған қара уылдырық «Осетр» аппаратына салынды. Кейін бассейнде, сонан соң тоғанда жетіледі. Бекіре шабақтарын шілде-тамыз айларында Жайық өзеніне, яғни табиғи ортаға жіберу көзделуде. Ал бекіре балығы жақын арада Каспий теңізіне жіберіледі, – дейді Сәкен Ділдахмет.

Оның мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері «Жайық-Атырау» бекіре шабағын өсіру за­уы­тына бекіре тұқымдас ба­лық­­тардың 57 данасы ауланды. Биыл табиғи ортаға бағалы балықтардың 75 млн шабағын, соның ішінде бекіренің 7 млн шабағын жіберу жоспарланып отыр.

Бекіре тұқымдас бағалы ба­лық­тар шабағын өсіруді тағы бір зауыт қолға алғысы келеді. Бұл – «Сaspian Royal Fish» ЖШС. Атал­­ған серіктестіктің зауы­тын­­да бағалы бекіре тұқымдас ба­­лық өсіріліп, қара уылдырық да­йын­далады.

– Біз бекіре тұқымдас ба­лық­тар­дың шабағын өсі­ріп, Жайық өзе­ніне жіберу мәсе­ле­сімен айна­­лысуды көз­деп отырмыз. Өйт­­кені біз де өңірдегі су айдынын бағалы балық қорымен толықтыруға үлес қос­қымыз ке­леді. Бұл үшін біз­де мамандар жеткілікті. Біз шабақтарды 3-10 грамға дейін өсіріп, өзенге шығара ала­мыз. Бірақ бұл жоспарды іске асыруға Атыраудағы бекіре шабағын өсіру зауыт­та­­­рының көмегі қажет. Біз олар­­­­дан бекіре балықтарының ша­ба­­ғын алғымыз келеді. Ал олар­дан шабақтарды алу үшін тиісті министрліктің рұқсаты керек. Біз осы мәселеге орай  ұсы­нысымызды бердік. Енді бұл мәселе оң шешілетініне сене­міз, – дейді серіктестіктің бас балық өсірушісі Ахат Ниматов.

Алайда браконьерлікке қар­сы «Бекіре» шарасының пәр­ме­нін күшейту қажеттігі туындайды. Өйткені бұл сәуір-мамыр айларында ғана қолға алынатын маусымдық шара деңгейінде қалып отыр. Ал жылдың өзге айларында браконьерлердің қол қусырып жатпайтыны дау­сыз. Өмірін өлімге тігіп, асау теңіздің толқынымен арпалысып жүріп, бағалы бекіре тұқымдас балықтарды қынадай қыратын браконьерлер әзір айылын жияр емес. Бәлкім, оған браконьерлерге қолданылатын жазаның айыппұлмен шектелуі себеп болатын шығар. Ал аш­көз­­дікпен бағалы бекіре тұ­қым­­дас ба­лық қорына суық қолын сұғатын браконьерлер айып­­пұл­ды шыбын шаққан құр­лы көрмейді. Қазір елімізде браконьерлерге Қылмыстық кодекстің 335-бабымен (Балық ресурстарын, басқа су жануарларын заңсыз алу) ғана іс қоз­ғалады. Егер қар­сылық та­ны­­тып жатса, осы Кодекстің 379-бабымен (Би­лік өкіліне ба­ғынбау) тергеу жүр­гі­зіледі. Бірақ түптің түбінде бра­конь­ерл­ердің айыппұлмен құтылып жататыны белгілі.

Каспийдің бағалы бекіресін баудай түсіріп, талан-таражға са­лып жүрген браконьерлер кімдер? Олардың бекіре тұ­қым­­дас балықтарды аулауға мо­ра­­торий жарияланса да айы­лын жимау себебі неде? Әлде бра­к­оньерлердің қолтығына су бүркіп, қуғанға жеткізбейтін жүр­дек қайықпен, айшылық алыс жерлерден хабар алатын­дай байланыс құралымен қам­тып отырған мүдделі топтар бар ма? Бұл – бірнеше жылдан бері баршаны толғандырса да, әлі күнге жауабы табылмаған сауалдар.