Қоғам • 30 Сәуір, 2020

Жасылелдіктер үндеу жолдады

294 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы Премьер-Министр Асқар Маминге жолдаған үндеуінде мемлекеттік маңыздағы жолдар мен үйлер құрылысы жұмыстарына қатысуға дайындығын мәлімдеді.

Жасылелдіктер үндеу жолдады

2020 жылғы 27 сәуір күні Қазақстан жастарының конгресі мен «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы атынан Қазақстан Респуб­ликасының Премьер-Министріне ресми үндеу жолданды.

Ресми сауалға Премьер-Ми­нистр Асқар Маминнің төр­аға­лы­ғымен өткен Үкіметтің селек­торлық отырысында 2020-2025 жыл­дарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдар­лама­сын жүзеге асыру аясында биыл пайдалануға берілетін респуб­ликалық маңыздағы жолдар көле­мін арттыру туралы хабарлауы себеп болды. Сондай-ақ Премьер-Министр Асқар Мамин құрылыс маусымын уақытында бастауды, құрылыс қарқынын жеделдету мен жоспарланған тұрғын үй көлемін уақтылы пайданалуға беруді тапсырған.

«Өңірлердегі жастар еңбек жасақ­тарының мемлекеттік маңыз­дағы құрылыс жұмыс­тары­на қа­тысуы жастардың өз­деріне жа­һан­дық міндеттер артып, қоғам алдында азаматтық жауап­кершілікті сезіне алуына ынталандырады», деді «Жасыл ел» жастар еңбек жасақ­тары республикалық штабы­ның жетек­шісі Азамат Данияр.

Сондай-ақ республикалық штаб жасылелдіктердің осы бағыттағы тәжірибелерін атап өтті. Олар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолы мен EXPO-2017 халық­аралық мамандандырылған көрмесі нысандарының құрылысы, «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» республикалық марафон-эстафетасын ұйымдастыру жұмыстарына белсенді қатысқан. Алғашқылардың бірі болып «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мен «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асыру жұмыстарына жұмылдырылғандар қатарында Жасыл ел сарбаздары болған.