Саясат • 30 Сәуір, 2020

Жақын арада қиын сәттер артта қалады

208 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының еліміздегі төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасайтынын естіген ел: «Сәуір айы да бітті. Карантин мамырдың аяғына дейін созыла ма? Енді қалай болар екен?» деп алаңдаған еді.

Жақын арада қиын сәттер артта қалады

Еліміздегі карантин уақытының мамырдың 11-іне дейін ұзартылуы елдің көңілін жұбатқандай болды. Себебі сәуірдің 30-нан мамырдың 11-іне дейін он күннің ішінде алты күні демалыс, мереке күндері екен. Сондықтан қырқына шыдаған ел-жұрт қырық біріне де шыдайды деп ойлаймын.

Президент өз мәлімдемесінде елдің көкейінде жүрген көп сұ­рақ­қа жауап беріп, халықты сабыр­ға шақырды. Дүние жүзінде 3 ми­л­лион­нан астам адам осы ауруға шал­­дық­қаны айтылды. Біздің елі­мізде де ауру жұқтырғандар азай­май тұр. Соның ішінде денсаулық сақ­тау саласының қызмет­кер­лері, яғни дәрігерлердің халықты құт­қарамын деп жүріп, өздерінің жұқ­тырғаны, осы ауруға шалдыққаны өкінішті жағдай. Сондықтан қазіргі қабылданып жатқан сақтық шаралары өте дұрыс, бұған түсіністікпен қарауымыз керек.

Барлық медицина, денсаулық сақтау саласына жағдай жасалып жатыр. Екі аптаның ішінде жұқпалы ауруларды емдейтін аурухана салынды. Бұл біздің мемлекетіміздің мүмкіндігін көрсетеді.

Карантин уақытының созылуы өз қауіпсіздігімізді сақтауға, Қазақстанның әр азаматына қажет. Елімізде бірден тиісті шаралар қол­данғанның, өзімізді өзіміз қор­ға­ғанымыздың арқасында қиын­дық­тардың біразын еңсердік және аурудың өршіп кетуіне тосқауыл жасадық. Менің пайымдауымша, сәуірдің аяғынан бастап індеттің азаятыны жөнінде сараптама бар.

Қиын кезеңде мемлекет тара­пынан елге көмек беріліп жатыр. Бюджеттен бизнес саласына, әсіресе шағын және микробизнес­ке, жұмыссыз қалғандарға қолдау көр­сетіліп, бүгінгі таңда 4 млн 750 мың адам көмек алды. 570 мың аза­мат азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Коммуналдық төлемдер же­ңілдетіліп, бір жарым миллионнан астам адамға жәрдем берілді. Несие алғандар да шет қалған жоқ, оларды кейінге қалдыру мәселесі шешіліп жатыр. Әрбір шағым, әр адамның өтініші назарға алынды. Мұны Президенттің аппаратынан бастап, Үкімет, Nur Otan партиясы, әкімшіліктер күнделікті бақылап, мониторинг жасап отыр.

Мәлімдемедегі тағы бір маңыз­ды мәселе – жұмыс орнын және ең­бекақы көлемін азайтпау мақсатында ірі компанияларға көмек көрсету мәселесі көтерілді және оның тізімін қазір Ұлттық экономика министрлігі жасап жатқандығы, ол тізімге тек аса маңызды компаниялар ғана енгізілетіні сөз болды. Бұл мәселе дер кезінде дұрыс назарға ілінді деп есептеймін. Енді оны ашық түрде, жариялы түрде өткізу өте маңызды. Себебі қазір әлеуметтік желілерде көп сыналып, кейбіреулердің айтуына қарағанда, табысы үлкен компаниялар да тізімге еніп жатыр деген сан алуан пікір қайшылықтары айтылып жүр. Соған байланыс­ты бұл егжей-тегжейлі қаралып, тек қана тиісті компанияларға, оның ішін­де қажеттігі жоғары, негізінен ауыл шаруашылығы, тамақ өнді­ретін компанияларға ғана беріледі деп ойлаймыз.

Мәлімдемеде карантин біткеннен кейін, бүкіл әлемдегі дағдарысқа бай­ланысты бізге де дағдарыс жағ­дайына дайындалу қажеттігі, Елба­сының 24 сәуірде өткен Қауіпсіздік Кеңе­сіндегі жүктеген тапсырмаларын жүзеге асыру жайы ескертілді.

Жоғарыда тиісті компанияларға, еліміздің экономикасына өз­дері­нің қомақты үлесін қосатын компа­ния­ларға көмек беру қарасты­рылғанын жоғарыда атап өттік. Бұған еліміздің толық мүмкіндігі бар. Қазір Ұлттық қорымызда үш жылдық бюджеттің қаржысы сақ­талған. Дәл қазіргі уақытта бюджетке жетіспейтін жағы сол қордан қарастырылуда.

Тәуелсіздік алған алғашқы жыл­дары қандай қиындық көрдік. Ол кезде инфляция 2500 пайызға дейін жетіп, айлық, зейнетақылар алты айға дейін кешіктіріліп беріл­ген кезеңнен де өткенбіз. Кейін­гі жылдардағы әлемде болған дағда­рыс­тар да сол Ұлттық қордың арқа­сында қиындықты тезірек еңсердік. Бүгінгі күні де Ұлттық қордың арқа­сында сондай көмек болады, болып та жатыр.

Азық-түлік қорына келетін бол­сақ, Қазақстан әрбір адам басына шаққанда дүние жүзінде бес ал­дыңғы мемлекеттің қатарына кіре­ді. Бір ғана мысал келтірейін, біз­де жылына әр адам басына шаққанда 1 тоннадан астам бидай өндіріледі. Азық-түліктің атасы да, анасы да сол наннан тұрады. Бұ­дан басқа да азық-түлік қоры бар­шылық. Сондықтан кез келген жағдайда біздің тығырықтан шығуға мүмкіндігіміз бар. «Бірлігі күшті ел озады» деп даналарымыз айтқандай, бүкіл ел болып, бір-бірімізге иық тіреп, қолдау көрсетсек бұл уақытша қиындықтан да лайықты шығарымыз анық. Осы мақаланы дайындап отырғанымда бір жақсы хабар оқыдым. Онда Сингапур технология және Массачусеттің технология университеттерінің болжамдары бойынша Қазақстанда осы сәуір айының аяғында коронавируспен аурудың жоғары деңгейі бітіп, әрі қарай төмендей келе, мамыр айының аяғына қарай 97 пайызға қысқарады деп жазылған. Айтқандары тезірек болғай деп тілейміз!

Сәуір айының аяғы мен мамыр айының басына қасиетті Рамазан айы дәл келіп отыр. Бұл бүкіл мұсылман қауымға, қазақстандықтарға жақсы­лық, бақытты күндер сыйлайтын ай болсын. Әр отбасындағы ниет-тілек қабыл болсын. 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні, 9 мамыр Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, осы мере­келерді өткізіп, сәл шыдап, бір-бі­рімізді сабырға шақырып, каран­тиннен аман-есен өтіп, өмірі­мізді бейбіт, жақсы күндерде жал­ғас­тыратын болайық!

 

Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты, Nur Otan фракциясының мүшесі

 

Соңғы жаңалықтар