Аймақтар • 30 Сәуір, 2020

Ақмолада карантин талаптарын бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды

138 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өңірде жарияланған төтенше жағдай кезінде 700-ден астам көлік жүргізушісіне әкімшілік хаттама толтырылды. Олардың 44-і бір күнде тәртіп бұзған.

Ақмолада карантин талаптарын бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Карантин режимін бұзғандардың басым бөлігі мас күйінде немесе құжатсыз көлік тізгіндегендер. Оларды  полиция сақшылары арнайы жүргізілген рейд барысында анықтады. Тәртіп бәріне ортақ. Ал, оған бағынбағандар жазаланады. Мәселен, бір күнде тәртіп сақшылары құқық бұзған 11 автокөлік жүргушісін анықтаған. Оның бірі удай мас болса, енді бірінің мүлдем құжаты жоқ болып шыққан. 2 автокөлік айып тұрағына қойылды.  Сонымен қатар, карантин кезінде түнде өз көлігімен жолаушылар тасымалдап, такси қызметін атқарған 34 жастағы жүргізуші құрықталды. Ол жүргізушіге әкімшілік-құқық бұзушылық Кодексінің 476-бабына сәйкес «төтенше жағдай режимін бұзу» және 612-бабына сәйкес «жолаушыларды тасымалдау ережесін бұзуға» қатысты арнайы хаттамалар толтырылды.

–Төтенше жағдайға байланысты қаулының орындалуы облыстық полиция департаментінің жіті қадағалауында. Яғни,  барлық жеке меншіктік  ұйымдар мен жекелеген  азаматтардың шектеу шараларын сақтауын бақылау мақсатында күнделікті рейд жүргізіледі. Алайда, барлық азаматтар қалыптасқан жағдайдың маңыздылығын толық түсіне бермейді. Тек соңғы бір тәулікте төтенше жағдай режимін бұзған  60 адамға әкімшілік іс қозғалды,–дейді облыстық әкімшілік полициясы басқармасы бастығының орынбасары Ержан Қошқарбаев. 

Карантин режимін бұзғандарға заң қатаң. Десе де, көлік қозғалысы әлі де тыйылмай тұр. Полиция қызметкерлері тұрғындардан ескертулерге құлақ асып, төтенше жағдай режимін қатаң сақтауға шақырады.